Polymetal айырбастау ұсынысы аясында 0,21% акциясын сатып алды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Polymetal айырбастау аясында қанша акциясын сатып алды? Коллаж kursiv.media (polymetalinternational.com), бильд-редактор Денис Андреев

Polymetal алтын өндіруші компаниясы акцияларды айырбастау ұсынысының бөлігі ретінде бағалы қағаздарының тағы 0,21%-ын сатып алған. Бұл туралы компания сайтында жазылған.

Жалпы алғанда, осы ұсыныстың бір бөлігі ретінде компания орналастырылған акцияларының 3,05%-ын сатып алды. Алғашы транштарды есепке алсақ, 11,83% құрайды. Бұл санкцияға ұшыраған акцияларының шамамен 22 пайызына тең.

Компанияның хабарламасында Еуро Одақтың Ресей орталық депозитарийіне санкция салуына байланысты, Мәскеу биржасындағы акцияларға иелік ететін акционерлер енді биржаның өзінде сауда жасау құқығын қоспағанда, акционерлік құқықтардан айырылғаны жазылған.

Осы ұсыныс шеңберінде акционерлер бағалы қағаздарының орнына Астана халықаралық қаржы орталығы биржасында (AIX) шығарылған жаңа акцияларды алады. Мәміле нәтижесінде Polimetal-дың дауыс беретін акцияларының жалпы саны өзгермейді. Қазір компания акциялары 473,7 млн құрайды. Сатып алынған акциялардың қазынашылық акциялар ретінде дауыс беру құқығы жоқ.

Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы  – Maaden International Investment LL кен өндіруші компанияның 23,9% акциясын сатып алған. Нәтижесінде ол компанияның ірі акционеріне айналды.

Polymetal – Ресейдегі ең ірі күміс өндіруші және де алтын өңдірушілердің бірі еді. Холдинг кәсіпорындары Ресейдің Магадан және Свердловск облысында, Хабаровск, Саха, Чукоткада орналасқан. Акционерлері компанияның ресейлік активтерін сату туралы келісімді мақұлдап, наурызда «Мангазея плюс» АҚ-ға сатты.

Polymetal International plc –  Қазақстандағы екінші ірі алтын өндіруші компания. Оның Қазақстанда  екі өндіріс орны бар. Олар  – Абай облысындағы Қызыл кеніші мен Қостанай облысындағы Варваринское кеніші.

«Полиметалл» басшылығы енді компания атауын өзгертпек. Директорлар кеңесіне Solidcore Resources plc деген атауды ұсынылған. 

Сондай-ақ оқыңыз