Қазақстандықтарға Құрбан айтта демалыс берілмейді: ҚМДБ айт күндерін ауыстырды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандықтарға Құрбан айтта демалыс берілмейді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстандықтарға Құрбан айтта қосымша демалыс берілмейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Курсив» сауалына берген жауабында айтты.

Басты себеп Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы айттың алғашқы күнін 17 маусымнан 16 маусымға жылжытқанында болып тұр.

Осыған дейін ҚМДБ діни мерекелер кестесінде Құрбан айт 17 маусым болып бекітілген. Ол апта басы дүйсенбіге түсетін. Алайда мерекеге 10 күн қалғанда, күнтізбе уақыты өзгеріп, айттың алғашқы күні 16 маусым – жексенбі күні деп бекітілді

Еңбек кодексінің 84-бабының 5-тармағына сәйкес, Қазақстанда Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып жариялаған. Алайда егер діни мерекелер сенбі-жексенбі күндеріне сәйкес келсе, қосымша демалыс күні берілмейді. Яғни 2024 жылы Құрбан айттың алғашқы күні 16 маусым – жексенбіге түскендіктен, демалыс күні ауыстырылмайды.

«Діни басқарма хижри айларының басталуын халықаралық астрономия зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасайды. ҚМДБ діни мерекелердің нақты күндерін жаңа айдың көрінуіне байланысты бекітеді. Ол мерекеге 10 күн қалғанда бекітіледі. Жыл басында жасаған кестеге ескерту ретінде мерекелердің бір күн ары-бері жылжуы мүмкін екендігін ескертіп кетеміз», – деп жауап берді ҚМДБ «Курсив» сауалына.

Осыған дейінгі бекітілген кесте бойынша 2024 жылы Қазақстанда Құрбан айт мұсылман мерекесі 17 маусым, дүйсенбі күні аталып өтіп, мерекенің алғашқы күні ресми демалыс болғандықтан, қазақстандықтар Құрбан айтта үш күн — 15, 16 және 17 маусымда демалуы керек болған.

Сондай-ақ оқыңыз