«Шенген» қымбаттайды: Тарифтің өсуіне Еуроодақтағы инфляция әсер еткен

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Шенген» қымбаттайды: Тарифтің өсуіне инфляция әсер еткен / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қысқа мерзімді «Шенген» визасының құны 11 маусымнан бастап көтеріледі. Еурокомиссия баға қымбаттауына қарамастан, «Шенген» қол жетімді визалардың бірі болып қала беретінін айтады.

Euronews ақпаратына сүйенсек, «Шенген» визасының құны осы жылдың маусым айында өседі. Виза 12% қымбаттайды. Тіркеу ақысы ересектер үшін 80-ден 90 еуроға дейін және балалар үшін 40-тан 45 еуроға дейін өседі. Комиссия қымбатшылыққа Еуроодаққа мүше елдердегі инфляция кінәлі деп мәлімдеді. Ресми Брюссель төлемдер басқа елдерге виза құнымен салыстырғанда әлі де «салыстырмалы түрде төмен» екенін түсіндірді. Мысалы, Ұлыбританияға виза 134 еуро, АҚШ-та шамамен 185 еуро және Австралияда 117 еуро тұрады.

«Шенген» аймағының елдеріне Ирландия мен Кипрден басқа Еуроодаққа мүше мемлекеттер, сондай-ақ, Румыния мен Болгария кіреді. Норвегия, Исландия, Лихтенштейн және Швейцария ЕО мүшелері болмаса да, «Шенген» конвенциясына кіреді.

Виза «Шенген» конвенциясы аймағында 90 күн еркін жүріп-тұру мүмкіндігін береді. Ол туризм үшін қажет. Алайда «Шенген» аймағында жұмыс істеуге жарамайды.

Әр үш жыл сайын комиссия виза тарифтерін бағамдап, инфляция деңгейіне қарай көтеріп отырады. Комиссия желтоқсан айындағы отырыстан кейін 2 ақпанда бағаны көтеруді ұсынды.

Еске сала кетсек, Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан болатынбыз.

Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.

2024 жылы визасыз баруға болатын елдер:

  • 90 күнге: Албания, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Гаити, Македония, Моңғолия, Молдова, Ресей, Украина, Коста-Рика, Колумбия, және Тунис.
  • 30 күнге: Аргентина, Антигуа және Барбуда, Бразилия, Вьетнам, Куба, Мальдив аралдары, Сент-Винсент және Гренадина, Түркия, Сейшел аралдары, Сербия, Оңтүстік Кория, Тәжікстан, Өзбекстан, Эквадор, Индонезия, Малайзия, БАӘ, Черногория, Филиппин аралдары.
  • 28 күнге: Барбадос.
  • 14 күнге: Хайнань аралдары, Гонконг.
  • 5 күнге: Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелген азаматтар үшін Түркіменстанның Балқан велаятына.
  • Шектеусіз мерзімге: Беларусь, Қырғызстан, Намибия.

2024 жылы саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, тізімдегі елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз абзал. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.

Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан. 

Сондай-ақ оқыңыз