Ресей Қазақстан арқылы Қырғызстанға да газ тасымалдайды. Тиісті құжаттарға Санкт-Петербургте өткен Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форум аясында қол қойылған.
«Газпром» Қазақстанмен Өзбекстан мен Қырғызстанға газ транзиті бойынша келісім-шартқа отырды»,- деп хабарлайды «Интерфакс» басылымы.
Басылым хабарлауынша, Ресей Қырғызстанның солтүстігі мен оңтүстігіне газ жеткізеді. Осы орайда ресейлік «Газпром Экспорт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қырғызстанның «Электр станциялары» АҚ және «Бішкектеплоэнерго» компанияларымен газ жеткізу жөніндегі келісімшарттарға қол қойылған.
Сонымен бірге «Газпром» АҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға Орталық Азия – Орталық газ құбыры арқылы жеткізуді ұлғайту жөніндегі келісімге қол қойған.
Еске сала кетсек, мамырда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев QazaqGaz компаниясы Қазақстан газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға инвестиция салатынын мәлімдеген болатын. Модернизациялау арқылы Ресейдің Өзбекстанға газ экспортын 11 млрд текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туатыны айтылды. Министр Қазақстанның газ транзитінен қомақты пайда көретінін айтқан болатын. Сәтқалиевтің айтуынша, Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау жобасы Қазақстан үшін қаржылық та, паритет тұрғысынан тиімді.
Қазіргі кезде Ресейден Өзбекстанға Қазақстан арқылы жылына 3,8 млрд текше метр газ тасымалданады.
Ресей газы Өзбекстанға «Газпром» мен QazaqGaz арасында 2023 жылдың жазында жасалған екі жылдық келісімге сәйкес жеткізіліп жатыр. «Орталық Азия – Орталық газ» құбыры арқылы тасымал 2023 жылдың қазан айында басталды. Транзит жылына 3,8 млрд текше метрді құрайды.
Айта кетейік, QazaqGaz бен «Газпром» Ресей газын Өзбекстан мен Қазақстанға жеткізу жөніндегі қосымша келісімшартқа маусым айында қол қоятыны сәуірде белгілі болды. Онда компаниялар транзит көлемін біртіндеп жылына 11 миллиард текше метрге дейін жеткізу үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуды көздеп отырғаны да айтылды. Бұл қазіргі деңгейден үш есе көп. «Самұрық-Қазына» оның мерзімін нақтыламады, бірақ «Газпром» бұдан бұрын 15 жылдық шарт жасалатыны жайлы хабарлаған еді.