2024 жылы күзге қарай Қазақстанда 27 жаңа жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл жайлы ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Жиында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов биыл 10 576 орынға шақталған 27 жатақхананы қолданысқа беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Олардың 19-ы жоғары оқу орындарына, 8-і колледждердің студенттеріне арналған.
«Қазірде 1540 орынға арналған 7 жатақханада тиісті жұмыстар толығымен аяқталып қалды. Олар келер оқу жылына студенттерді қабылдауға әзір. Құрылыс немесе реконструкция жұмыстарын жүргізу бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жол карталары дайындалды. Жоспарланған нысандардың дені қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі»,- деді Ешенқұлов.
Ғылым және жоғары білім вице-министрінің айтуынша, бүгінде құрылыс, реконструкция жүріп жатқан ғимараттардың басым көпшілігінде жұмыс 75%-ға дейін аяқталған. Ал Алматы қаласы мен Ақмола, Қызылорда облыстарында бұл жұмыстар 50%-ға атқарылған. Жиынға қатысқан аймақ әкімдерінің орынбасарлары бұл жұмсытардың жоспарға сай аяқталатынын мәлімдеген. Осыған орай Дүйсенова аталған шаралардың жоспарға сай аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Құрылыс маусымының уақыты шектеулі. Сондықтан жауапты министрліктермен қатар облыс әкімдіктері жұмыстың уақтылы әрі сапалы атқарылуын тұрақты түрде қадағалауы керек. Нысандардағы құрылыс, реконструкция шараларының қарқынын апта сайын қарастыратын боламыз. Бұл жұмысқа жеке кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары екені байқалады. Сол себепті жатақхана салуға ниетті бизнес өкілдеріне қажетті жағдай жасауға қатысты шараларды қарастыру қажет», – деп атап өтті вице-премьер.
Үкімет үйінің хабарлауынша, өткен жылы 10 304 орынға арналған 43 ғимарат пайдалануға берілген. Бірақ демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл орындардың өзі тапш болуы мүмкін. Сол себепті Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттерді жатақханамен қамту бойынша ұзақмерзімді жоспарды өзектендіруді көздеп отыр.
Айта кетейік, елде жатақхана орындары тапшы. Жатақханадан орын таппаған студенттер хостелдерге орналастырылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді тұрғызу бойынша Алматының 85 хостелімен келісімшартқа отырғанны хабарлады.
«Жалпы, мұндай тәжірибе біздің министрлік құрылмай тұрып та болған. Қазіргі таңда министрлік Алматының 85 хостелімен келісімшартқа отырған. Оған сәйкес ол жерлерге бөтен адамдар орналастырылмауы керек. Яғни бұл хостелдерде тек келісімшартқа отырған студенттер тұруға құқылы. Сонымен бірге тамыз айында министрлік депутаттармен бірігіп, келісімшартқа отырған хостелдердің жағдайыман толық танысып, аралап қайтқан болатын. Біз өзіміз келісімшартқа отырған хостелдерді тексеріп, қадағалап отырамыз»,- деп мәлімдеген болатын министр.