Қазақстан көмірмен жұмыс істейтін энергетикалық нысандарды жаңғыртып, олардың қуатын 5 ГВт-қа арттырады
2035 жылға қарай көмірмен жұмыс істейтін электр қуаты іске қосады. Оның жылдық қуаты 5 ГВт-қа дейін жетеді деп болжанып отыр. Бұл жайлы Astana Mining & Metallurgy 2024 жиынында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтқан.
«2035 жылға дейін бізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша елеулі жоспарымыз бар. 12 ГВт жаңартылатын энергия көздері іске қосу көзделіп отыр. Жалпы, болашақта көмірдің үлесін бүгінгі 70%-дан 35-40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл жаңартылатын энергия көздерін дамытуымен байланысты. Десе де, бізде көмір генерациясы да бар ғой. Даму жоспарында көмір генерациясы бойынша іс-шаралар қарастырылған. Шамамен қуатын 4-5 ГВт-қа дейін жаңғырту бойынша жұмыстар бар», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 блогының іске қосылатынын, ол үшін 2-3 миллион тонна Екібастұз көмірі («Богатырь Көмір») кететінін айтты. Сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 және №4 блоктары мен Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы жүргізілетінін мәлімдеді.
«Бұл бар станцияларымызды кеңейтуге қатысты жүзеге асырылатын шаралар. Яғни Қарағанды, Өскемен, Степногорск қалаларындағы нысандар бойынша. Сондықтан алдағы 15 жылда көмірге деген сұраныс азаймайды деп ойлаймын. Керісінше, осының барлығын ескере отырып, бізге көмірдің қосымша көлемін өндіру керек болатын шығар», – деді ол.
Есімханов сонымен қатар көмір кен орындары бар ірі компаниялардың көмірмен жұмыс істейтін энергетикалық қуаттарды кеңейтуге қатыса алатынын мәлімдеді. Осы орайда ол Энергетика министрлігімен логистиканы, яғни көмірді белгілі бір жерге жеткізу құнын ескере отырып, жаңа қуаттарды құру мүмкіндігін талқылауға болатынын жеткізді. Егер мұндай компаниялар өз қаражатына станция салса, шарт бойынша артық электр қуатын нарыққа сата алады.
Еске сала кетсек, Қазақстан көміртек бейбаламалы энерегия көздеріне ауысуды жоспарлаған. Елде экономиканы декарбонизациялау процесі басталып та кетті. Мәселен, референдумда халық қолдаса, Қазақстан 2035 жылға қарай 10-12 млрд АҚШ долларына АЭС құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Атай кетейік, Қазақстанның Париж келісімі шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемесі бар. Соның шеңберінде 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Осыған орай Энергетика министрлігі болса 2030 жылға таман жаңартылатын энергия көзінің үлесі 15 пайыздан кем болмайды деп мәлімдеме жасады.