Алматы әкімдігі тау бөктерінде монша салынатыны жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Жарияланды
Қала құрылысын бақылау басқармасы тау бөктерінде монша салынатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды / Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі Медеуге бара жатқан жолда монша салынатыны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Ал «Орловские бани» жарнамасы тұрған жерден, жарнама баннері алынған. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімдігінің Қала құрылысын бақылау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Медеу жолындағы Керей-Жәнібек хандар көшесіндегі аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама түскен жоқ, нысанның құрылысына жобалау алдындағы құжаттаманы меншік иесі (жеке тұлға) алған жоқ. Визуалды тексеру барысында учаскеде құрылыс жүргізілмегені расталды, ал «Орловские банидің» жарнамасы бар баннер жойылды»,- делінген басқарма хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл аумақтағы салынып бітпеген нысан Алматының бұрын жарияланған құрылысы ұзаққа созылған нысандар тізіміне енгізілген. Себебі Қала құрылысын бақылау басқармасы нысанда заң бұзушылықтарды анықтаған. Жеке меншік иесіне арнайы нұсқама берілген. Ал ондағы талаптарды елемеген жағдайда сот талқылауынан соң кезекті жоспардан тыс тексеру жүргізілетіні хабарланған. Алайда меншік иесі басқарманың сол кездегі ескертпелерін сол күйі орындамаған.

Ал «Орловские бани» моншалар кешенінің иесі – Александр Орлов. Ол Қазақстанда Sun Group ірі мейрамхана холдингінің негізін қалаған. Ресторатордың бұл холдингінің құрамына сегіз мекеме кіреді. Олар – Manana, Ryba Pila, Dragonfly, More&More, Lou Lou, Toku, Queen мейрамханалары мен «Орловские бани» моншалар кешені.

Александр Орлов – Ресей азаматы. Ресейде оның үстінен өткен жылдың қараша айында іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланған болатын. Оған аса ірі мөлшерде адамдар тобын алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы мүліктік зиян келтірді деген айып тағылған болатын.

Атап айтқанда Орлов Mercury Fitness компаниясының директоры қызметін атқара отырып, рұқсат құжаттарынсыз бассейн орнатқан. Алайда оған демонтаж жасауға қаражат бөлуден бас тартқан. Қозғалған іс бірнеше күн бұрын жабылғаны хабарланды. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, мемлекет салған айыппұлды өтеген.

Сондай-ақ оқыңыз