Жаңалықтар

10 000 қадам түсінігі: Жаяу жүрудің пайдасы туралы зерттеушілер пікірі

Жаяу жүрудің пайдасы туралы зерттеушілер пікірі / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Жұмысыңыздың алға басқанын қалайсыз ба? Жаяу жүріңіз! Бұл жәй кеңес емес. Euronews агенттігі осы сұрақ бойынша зерттеушілермен, жүруді өмір салтына айналдырғандармен сұхбаттасып, жаяу жүрудің миға пайдасы туралы жазған. Бірақ жаяу жүрудің де реті, дұрыс жолы бар екен. 

Ойшылдардың, философтардың жиі жаяу жүргені туралы тарихта мысал көп. Неміс философы Фридерих Ницше басы ауырғанда далаға жалғыз шығатын болған. Күніне сегіз сағат серуендегенін, түрлі идея жүріп келе жатқанда туатынын да айтқан. Тіпті адамдарды мейлінше аз отыруға және «далада қозғалып келе жатқанда келмеген идеяға сенбеуге» шақырған

Ницшеден бұрын Иманнуел Кант та жаяу жүруге құштар болған. Күндіз үштер шамасында далаға шығып, міндетті түрде жаяу жүрген. Мұнысын ол «ойдан арылу» деп атаған. Жақындары Иманнуельдің далаға шығуына қарап-ақ сағаттың неше болғанын біліп отырған деседі. 

Аристотель негізін қалаған перипатетика философия мектебі маңызды тақырыптарды далада жүріп келе жатып талқылағанымен танымал.

«Философтар жүру мен сұхбаттасудың пайдасын ежелден түсінген», – дейді ирландиялық нейробиолог Шейн О’Мара. Нейробиолог 2019 жылы «Жүруге мадақ» кітабын жазып, жүру ғылымын зерттейді. «Барлығы  жүру арқылы мәселені шешуге бола ма деп мысқылмен қарайды. Мен болады деп жауап беремін», – дейді ол. 

Кейінгі он жылдықтарда көптеген зерттеу жүрудің адам ағзасына, ойына пайдасын дәлелдеді. Дегенмен нақты себебін түсіну әзірге мүмкін болмады. Аустриядағы Граз университетінің денсаулық психологиясы зерттеушісі Кристиан Ромингер бұл тақырыпты зерттеу енді ғана басталғанын мәлімдейді.

«Физикалық белсенділік пен ойлау қабілетінің байланысын көрсетіп қана бастадық», – дейді ол.

2023 жылы Ромингер әріптестерімен  жүрудің адам көңіл күйі, шығармашылығына  байланысы туралы «Креативке адымдап жету: әр адым шығармашылық ойға әсер етеді» деп аталатын зерттеу жұмысын жариялады. Зерттеу аясында қатысушыларға кез келген уақытта смартфонға арналған қолданбаға кіру ұсынылды. Онда екі тапсырма бар: бірі күнделікті қолданатын дүниелерді басқаша пайдаланып көру және жартылай салынған суретті ерекше аяқтау. Ғалымдар тапсырма орындамас бұрын кем дегенде 500 қадам жүрген қатысушының тапсырманы ерекше орындағанын байқаған. Яғни қолданба қатысушының қанша қадам жүргенін автоматты түрде есепьеп отырады. Ал ғалымдар сол көрсеткіштер мен жұмыс арасындағы байланысты сәйкестендірген.

«Көп жүрген адам көп дүниеге ерекше қарайды. Тіпті санаулы қадамның өзі мүлдем қозғалмағаннан жақсы дүниелер жасауға үлес қосады», – дейді Ромингер.  

Жазушы Ли Шульман жас жазушыларға жиі жаяу жүруге кеңес береді. Лидің өзі Аргентинадағы ауылда тұрады. Айтуынша, күндіз жаяу жүргенде энергия жинап, күннің екінші бөлігін тиімді өткізуге фокусын арттырады. «Күніне кем дегенде 15 минут жаяу жүрсеңіз, психикаңызға, денсаулығыңызға, жұмысыңызға оң әсерін байқай бастайсыз», – дейді жазушы. 

Жүрудің тығырыққа тап болған, өмірінің қиын кезеңін бастан кешіріп жүрген адамдарға тигізген пайдасы туралы оқиғалар көп. 2012 жылы жазылып, кейін бестселлерге айналған Шерил Стрейдтің «Жабайы» кітабында бас кейіпкер Тынық мұхитының бойымен 1770 шақырым жүріп өтеді. Анасы қайтыс болғаннан кейін өзін жоғалтып алған әйел осы сапарынан кейін өмірге жаңаша қарай бастайды. Жолында кездескен туристер, жергілікті халық оның халін көріп «жабайы эффект» деп атайды. 

Франция мен Испаниядағы Сантьяго жолы – ұзақ жаяу жүргісі келетіндердің сүйікті жері. ІХ ғасырда қаланған жолмен жыл сайын зияратқа шыққан мыңдаған жүргінші жүріп өтеді. 

Нью-Йоркте тұратын жазушы, актриса, режиссер Лори Хәмильтон күші сарқылғанын сезсе, жалғыз жолға шығатынын айтады. Ол Грекия, Италия, Шотландия мен Жаңа Зеландияға дейін жаяу шыққан.

«Осындай ұзақ сапардан оралған соң, өмірімде міндетті түрде бірдеңе өзгереді. Бұл жақсы тәжірибе. Өзіңмен жалғыз қалғанда, өзіңе деген көзқарасың сынады. Кей қатынас аяқталады, жаңасы басталады. Бірақ қай сапардан да идеясыз қайтқаным болған емес», – дейді жазушы. 

Оңтүстік Дания университетінің философия докторы Мартин Маудың ойынша, жаяу жүру арқылы адам өзін жақсы жаққа өзгерте алады.. Мартин Мау жүруге қатысты бірқатар ғылыми мақала жазған.

«Мен үшін жаяу жүру сана ашықтығымен байланысты. Жолға шыққанда ойыма не келерін білмеймін. Менің ойымша, барлығы табиғатқа байланысты. Мен табиғатты “үнсіз серік» деп атаймын. Асылында, табиғат – өз ойымыздың айнасы. Күнделікті өмірде шешімін таппай жүрген мәселеміздің түйінін бір сапарда-ақ табуға жәрдем береді. Жаяу жүру барлығы тез қозғалып, жедел өзгеріп жататын ортадан алшақтап, миды тынықтыру”, – дейді Мау. 

Жүрудің көпшіліктің сүйікті ісіне айналуына байланысты көп қалаларда жүргіншілерге жағдай жасау талап етіліп жатыр. Өйткені сапалы серуен үшін жақсы орта керек. О’Мара барлық серуен бірдей емес деген пікірде. Мәселен, жүруге арналған тренажерде жүріп, даладағы серуеннен алған әсерді ала алмауыңыз мүмкін.

«Халықтың жаяу жүруіне қала әкімшілігі де жауапты. Көп жағдайда тұрғындарды физикалық белсенділікке шақыру үшін көптеген іс тындырылып жатады. Ал кей қалалар серуенге тіпті қолайсыз. Сондықтан кейде серуенге шығып шаршап қайтуыңыз да мүмкін. Өнімді серуен үшін дұрыс орта қажет. Яғни менің айтпағым сіз далаға шығып, шулы ортада жүріп келсеңіз, оның ментал жағдайыңызға еш әсері болмауы мүмкін. Әрине, мүлде қозғалмай отырғаннан қандай да бір белсенділік болғаны абзал. Дегенмен қала әкімшілігі де тұрғындарға жағдай жасауы керек», – дейді О’Мара. 

Сарапшылар серуеннің сергітіп қана қоймай, ойлау жүйесіне пайдалы болуы үшін бірқатар кеңес береді: 

Ең алдымен, жүру әдетке айналуы үшін оны бақылап отыруға смартфоныңызға арнайы қолданбалар жүктеп алған жөн. Қаншалықты, қандай жылдамдықта жүргеніңізді біліп отырған дұрыс. iPhone-да «Денсаулық» қолданбасы арқылы қадам санын біліп отыру мүмкіндігі бар. Одан бөлек Fitbit, Pacer мен StepsApp қолданбалары бар. 

Серуеніңізді алдын ала жоспарлаңыз. Қайда жүреніңізді, қашан жүретініңізді ойлап қойған пайдалы. Оған арнайы уақыт бөлу керек. Телефонмен  сөйлесетін болсаңыз, отырмай жүріңіз. Жарты сағат әңгіменің өзінде орташа есеппен 1800-2000 қадам жасайсыз, оны өзіңіз де байқамай қалуыңыз мүмкін. 

Қозғалу керегін еске сап тұрыңыз. Белсенділікті арттырудың тағы бір жолы – еске салу. Ол үшін сағат белгілеп, хабарлама жазып қоюға болады. Кеңседе жұмыс істейтін адамдарға тіпті қажет кеңес. 

Жаңа әдетті қалыптастыру қиын болса, әуелгі кезде бірге жүретін серік табыңыз. Бір-біріңізді жігерлендіруге, еске салуға, ерінген күні күш беруге жақсы. Сондықтан жүру әдетіңізге айналғанша бірге серуендеу де пайдалы. 

Жоғарыда аталған зерттеулер мен зерттеушілердің пікірі бір – жаяу жүру стресті азайтып, жігерлендіреді. Қарапайым ғана дүние қөрінгенімен денсаулық пен психикаға пайдасы зор.