Көмір өндірісін химия өнеркәсібімен ұштастыру Қазақстанның қосымша 25 млрд доллар табыс табуына септігін тигізеді
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде ондыққа кіреді. Республика көмірді Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияға және Шығыс Еурпаның кейбір елдеріне тасымалдайды. Экспорт көлемінің 65 пайызы – Ресейдің үлесінде.
«Astana Mining and Metallurgy-2024» халықаралық тау-кен металлургия конгресінде саланы дамыту мәселелері талқыланды.
Елде электр энергиясының 70%-дан астамын көмір өнеркәсібі қамтамасыз етіп отыр. Кокс-химия өндірісі мен коммуналдық-тұрмыстық секторды дамытуда осы өнеркәсіп өнімінің маңызы зор.
Үкімет көмір генерациясы аясында ЖЭО нысандарын дамытуды жоспарлаған. Көмір өнеркәсібі саласында 32 мыңдай адам жұмыс істейді. Елдегі көмір қорын мемлекет 250 жылға дейін тұтына алады.
Бірақ адамзат экологиялық тұрғыда қауіпсіз қуат көздерін тұтынуға көңіл бөлуде. Жасыл энергетикаға көшу, логистикалық проблемалар, әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы көмір өнеркәсбін дамытуға кедергі болуда. Энергетика министрлігінің өзі жаңартылған энергия көздерін көбейту арқылы көмірдің үлесін 70 пайыздан 35-40 пайызға дейін азайтуды көздейтінін мәлімдеді.
«2023 жылы 113 млн тонна өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға аз. Ал ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 млн тоннаға азайды», – делінген Өнеркәсіп министрлігі сайтында.
Аталған министрлік тығырықтан шығудың бірнеше жолын қарастырмақ:
Таза көмір технологияларын қолдану. Бұл үшін энергия өндіруші компаниялар мен шетелдік серіктестерді салаға тарту керек.
Көмір химиясын дамыту. Енді мемлекет көмір қорын жинағаннан гөрі, өңдеу өнеркәсібіне бет бұруы қажет. Энергетика министрлігі бұл бағытта қытай капиталы мен технологияларын тартуға басымдық берілетінін айтты.
Логистиканы күшейту. Шекара маңындағы елдермен байланысты конвенциялық тыйымдар салдарынан Қазақстан көмірді экспорттық жеткізудің едәуір бөлігін жоғалтты. Осы мәселелерді шешу үшін Көлік министрлігімен және шекаралас елдердің тиісті органдарымен жұмысты күшейту қажет.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев ресурстық база мен тиімді географиялық жағдай химия өнеркәсібін дамытуға негіз болатынын атап өтті.
«Жалпы алғанда, көмірді өңдеу арқылы 400-ден астам түрлі өнімдерді алуға болады, олардың құны көмірдің өзінен 20-25 есе жоғары. Көмірді терең өңдеу кезінде шикізаттан 25-30 есе қымбат тұратын өнім алуға болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда көмір өнімдерінің үлесі – 3%. Бұл көмір химиясы дамуының төмен деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Көмірдің бағасы газ бен мұнайға қарағанда төмен және тұрақты. Алдын ала есептеулер бойынша пайдаланылмаған әлеует 25 млрд долларды құрайды», – деді ұлттық компания басшысы.