Түркістан облысының тұрғыны 6 миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұсталды. Ол өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған.
«Өзін ҚР ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған және ЭТТД мен ҰҚКД тарапынан тексеру іс-шараларын тоқтату сылтауымен пара беруге итермеледі», – делінген хабарламада.
Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің мәлімдеуінше, келісілген ақшалай сыйақы сомасы 12 млн теңгені құраған. Әйел аталған соманың жартысын алу кезінде ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігі Түркістан облысының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шетелдік азаматтан пара алды деген күдікпен Алматы полицейлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді.
Ведомствоның мәліметінше,17 мамырда әлеуметтік желіде белгісіз автордың Алматы полиция қызметкерлеріне ақша беру фактісі жазылған видео жарияланған.
«Жемқорлыққа қарсы қызмет көрсетілген жарияланымға уақытылы ден қойып, шетелдік азаматқа қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданбағаны үшін пара алу фактісі бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Тергеу жалғасуда», – делінген Агенттік таратқан хабарламада.
Сондай-ақ ТЖМ-ның лауазымды тұлғалары жалпы көлемі 40 млн теңгеге жуық пара алды деген күдікке ілінген болатын. Атап айтқанда, Антикор ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, сонымен бірге Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеу жүргізген. Министрліктің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 40 млн теңгедей пара алды деп күдіктеледі. Олар бұл қаражатты бизнес өкілінен жүйелі түрде алып отырған деген күдік бар.
Сондай-ақ, осыған дейін Астанадағы арнайы ХҚКО-да көлікті заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталған еді. Олар мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген.