Жаңалықтар

Экотуризм мен жағажай туризмі: отандық туризм Мысыр және Тайландпен бәсекелесе ала ма?

Отандық туризм Мысыр және Тайландпен бәсекелесе ала ма? / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда шомылу маусымы екі айға ғана созылатындықтан, Мысыр, Тайланд сияқты жағажай туризмін дамыта алмаймыз. Сондықтан еліміздің көрікті жерлері мен тарихи нысандарын жарнамалап, экотуризмге көп қаржы салу керек. Осылай деп дабыл қаққан Limon Travel туроператорының директоры Алмас Маратұлы Қазақстанда ішкі туризмнің олқы тұстарын жіпке тізіп берді. 

Оның айтуынша, Қазақстанды жарнамалау үшін «Қазақтуризм» ұлттық компаниясына бөлінетін 1,5 миллиард теңге өте аз. Ал шетелдік туристерді көптеп тартып, ішкі туризмді жандандыру үшін Өзбекстан, Қырғызстан мен Әзербайжан сияқты ақшаны аямай құю керек

Қазақстандағы ішкі туризмнің дамуы ұлттық парктердегі визит орталықтардың көбеюі мен ерекшеленуде.

«2016 жылы біз туризм саласында компания құрып, жұмыс бастап кеттік. Сол кездегі туризммен қазіргі кездегіні салыстырсақ, бұл салада айтарлықтай даму бар. Қызмет көрсету мен инфрақұрылым жағынан жақсарып келеді. Әсіресе, Алматы облысы мен Алматы қаласында, Маңғыстауда туроператорлар санының артуы компаниялардың арасында бәсекелестік тудырып жатыр. Бұрын Алматы мен Астанада туркомпаниялар өте аз болатын. Сондықтан ішкі туризм өте қымбат болатын. Мемлекеттік органдардың туризм саласын дамытуға деген көзқарасы өзгеріп, арнайы шаралар қабылдай бастаған соң, біршама өзгерді», – дейді Алмас Маратұлы. 

Алмас Маратұлының жеке мұрағатынан

Туризм саласы маманының айтуынша, экономиканы әртараптандырмаса болмайды. Сондықтан туризм экономиканы әртараптандырудың бір жолы. Жалпы ішкі өнімнің 4,5-5 пайызын туризм саласы береді. Бұл аз болса да осы ішкі туризм саласында 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Біздегі «демалыс орындарының көптеп салынуына қарап, ішкі туризм әлі де дамиды деген үміт бар. Әсіресе, ұлттық парктерде визит орталықтары көптеп салынып жатыр. Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Ақтөбе қаласында да демалыс орындары ашылып жатыр. Сондықтан ішкі туризмге адамдар көптеп тартылып, жұмыс орындары ашылып, бұл сала қарқынды дамуда», – дейді ол.   

Оның сөзінше, Бурабайға баратын жолда Шалқаримантау, Баянауыл деген көрікті ауылдарға да туристерді қызықтыратын бағдарламалар жасау керек. 

Маманның айтуынша,  Мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасағаннан кейін, заңнамалық өзгерістер, шетелден азаматтарды қабылдау сияқты  көптеген жұмыс бар. Туроператорларға көмегін берген «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ маркетингтік бағыттағы жұмыстары, ақпараттық турлардың ұйымдастырылуы, жол сілтейтін белгілердің көбеюі жақсы нәтиже беріп жатыр. Дегенмен инфрақұрылымдарда әлі де проблема көп. Әлі күнге дейін соңғы үлгідегі әжетханалар жетіспейді. Әкімшіліктер осы мәселелерді реттеу керек еді. Олардың туризм саласына қызығушылықтары шамалы. Алматы, Жетісу, Маңғыстау облыстарында туризм жақсы жолға қойылып жатыр. Қалған облыстар туризмді аса маңызды сала ретінде сезінбейді.  

«Тіпті кейбір әкімдіктерде туризм саласының басқармалары да жоқ. Тек бес-алты облыста ғана туризм басқармасы бар. Президент пен Үкімет басшысы ішкі туризмді дамытуға байланысты пәрмен берсе де , кейбір облыстарда туризм саласы кішігірім әкімдіктің бір бөлімі болып қалып қойған. Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары өндірістік аймақтар болғандықтан, оларға туризм аса пайда әкелмейтін шығар. Мәселен, жазда Ресейден Бурабайға демалушы туристер көп келеді. Сол Бурабайға баратын жолдағы Шалқаримантау, Баянауыл сияқты ауылдарда демалатын орындар көп болса, елдер көптеп келетін еді. Өкінішке орай Ресейлік туристер  тікелей Бурабайға өтіп кетіп жатыр. Табиғаты керемет жерде сервис жасап қою керек еді», –дейді Алмас Маратұлы.   

Бізде туристік әжетханалардың жақсармауының бірден-бір себебі канализация жүргізу мәселесімен байланысты. Таудың басына әжетхана салу үшін тауды тесу керек. Ол өте қымбат проект. Сондықтан туристік аймақтарда салынған әжетханалардың өзі жабық тұратыны өтірік емес. Аюсай, Түрген, Шарын визит орталықтары бар. Сол жерлерде әжетханаларға ғылыми көзқарас арқылы биоөнімдерді қайта өңдейтін технологияларды қолданған. Алайда ол қымбат. Мүмкін ірі инвесторларға туристік аймақтарды беру арқылы ғана бұл мәселені шешуге болатын шығар. Ал мемлекет қаржысына қоқыс орны мен әжетхана салу көп шығын әкеледі екен. 

«Мәселен, Көлсайға қазір 200 мыңға жуық адам келеді. Орманшылар бұрын 20 мың туристке ғана қызмет көрсетсе, қазір 200 мың адамға қызмет етеді. Сол кездегі қоқыс жәшіктері бүгінгі туристерге жетпейді. Сондықтан туристерден түскен ақша ұлттық табиғи парктердің өзінде қала ма әлде оны жетілдіруге жұмсала ма соның бәрін зерттеуіміз керек.  Мемлекет көптеген ұлттық парктің жерін жекеменшікке бере алмайтындықтан, демалыс орындарына соңғы үлгідегі технологияны кіргізу қиынырақ болып тұр», – дейді Алмас Маратұлы. 

Алматы және Алматы облысында туристер кез-келген жерден тамақтана алады. Ал Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облысында да керемет мейрамханалар мен дәмханалар көп.

Түркістан, Ақмола облыстарында гидтердің жетіспеушілігі байқалады. Бізде гидтерге нақты сертификация беретін орган жоқ. Қазір әрбір гид болатын маман әртүрлі жерден сертификат алып жұмыс істей береді. Мәселен, Алматы облысындағы гидтердің айтатын кейбір мәліметтері Қазақстанның идеологиясына қайшы келіп жатады. Себебі әрбір турфирма гидтті әртүрлі деңгейде дайындайды. Алматының тарихы туралы айтылғанда Верный, патша үкіметі туралы ақпараттар айтылып кетіп жатады. 

«Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның жұмысы әдемі жерлерді жарнамалау. Алайда ұлттық компанияның бюджеті Қырғыз, Өзбек, Әзербайжан туризмінен 4-5 есе аз. Жарнама мен маркетингке ең керегі қаражат. Жарнама саласы үнемі креативті жаңашылдықты қажет етеді. Жарнамаға бір жылға бір жарым миллиард теңге ғана бөлінеді. Бүкіл Қазақстанның көрікті жерлерін жарнамалауға бұл өте аз қаражат. Ал Алматы визит, Ақмола визит, Түркістан визит деген компаниялар да елімізді шетелдіктерге жарнамалайды.

«Бізде бірізділік жоқ. Қаражатты жан-жақтан шашып жатырмыз. Мысалы, Алматы әкімдігі қаланы жарнамалау үшін БИ-би-си сияқты әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінеді. Кейбір компаниялар бір-біріне қарама-қайшы жарнама жасайды. Мәселен, бір компания бізде киіз үй бар, жылқы бар көшпенділер елі деп жарнама жіберсе, екінші бір компания бізде ЭКСПО ғимараты, соңғы технология бар деп басқаша жарнама жасайды. Салдарынан шетелдік туристер Қазақстан туралы нақты бейне қалыптастыра алмайды»,– дейді маман.  

«Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның арнайы бағдарламалары бар. Гоуфри болды, 25 пайыздық субсидия болды. Шетелден келетін адамдар үшін 15 мың теңге көлемінде берілетін субсидия деген жеңілдік бар еді. Осының ішінде КидГоуфри бағдарламасы бірнеше мәрте өзгертілді. Біресе тур операторларға пайдасыз болды, біресе, қарапайым тұрғындардың көңілінен шықпады. Түсініксіз болды. Ол бағдарламаны тағы өзгертті. 

Ең көп шетелдік туристер Алматы қаласына келеді. Алматы қаласы шетелдік туристер қабылдауда алдыңғы орында. Өйткені Алматы шаһары мереке мен түрлі ивент шаралар өткізуде үздік қала. Сондай-ақ бұл қалада ірі компаниялар өте көп. Соған шетелден серіктестер көп келеді. Алматыға қыдырып келген туристер Алматы облысындағы демалыс орындарына барады. 

«Бізде ең басты проблема-инфрақұрылым. Екінші қоқыс тастайтын жәшіктер мен әжетхана жетіспейді. Қазақстанда туристік маусым тым қысқа. Сондықтан кәсіпкерлер небәрі екі ай жазда көп пайда тауып қалғысы келеді. Жағажай маусымы қысқа болғандықтан, кәсіпкерлер сервиске көп көңіл бөлмейді. 1-2 ай жұмыс істеп, 9 ай құр тұрады деп, өзен-көлдің жағалауларында жақсы қызмет көрсетпейді. Жаз айында ғана халық топырлап демалыс орындарына ағыла береді. Ал қыста бәрі бос тұрады. Кәсіпкерлерді біз кінәлай алмаймыз. Сұраныс бар жерде, адам да көп болады. Нарықтық жағдай болғандықтан, демалыс орындары көп адамдар қабылдау арқылы пайда табуды көздейді. Салдарынан сервис ақсап жатыр», – дейді маман. 

Ол Түркістан облысында туризм саласына өте көп қаржы салынатынын айтады. Караван сарайы салынды. Алайда оның хайпы бітті. Ол жаққа баратын туристердің саны азайып барады. Себебі Қожа –Ахмет Яссауи, Арыстанбаб сияқты қасиетті нысандардан өзге, ол жерде мерекелік шаралар өте аз.  Түркістан жаққа қарай ұшақ бағытын көптеп ашып жатыр. Абу-Даби, Самарқандпен Түркістанды байланыстыратын лоукостерлер ашылды. Дегенмен Самарқанд, Бұқара туристік маршруттарға өте бай жерлер. Оларды аралауға екі-үш күн кетсе, ал Түркістанды бар-жоғы жарты күнде аралап тастауға болады. Бізде Шығыс Қазақстанның инфрақұрылымын дамыту керек. Ол жаққа бару өте қиын. Автобуспен арзанға баруға болатын жерге, жол қиқы шойқы болған соң, қымбат көліктермен қатынауға тура келеді.

Оның сөзінше, Қазақстан Египет, Тайланд сияқты туризм саласын дамыта алмайды. Ол жерде ALL инклюзив қызметі мен жағажайда 12 ай бойы демалуға болатын жағдай жасалған. Бізде суға шомылу маусымы қысқа болғандықтан, бізде бәрі қымбат. Мәселен, даяшыны жұмысқа алсақ, ол небәрі екі ай ғана жұмыс істейді. Ал оларда бір жыл қызмет көрсетеді. Осылайша әлгі даяшы шетелдік туристерге бейімделіп, тіл үйреніп, қолы үйреніп, сапалы қызмет жасайды. Ал, біз уақытша, студент пен оқушыны жұмысқа ала саламыз.

Бізге Еуропа елдерінен Алакөлдің суына түсуге келетін туристер аз. Сондықтан шетелдіктер көп келсін десек, акцентті экотуризмге қою керек. Біз Үндістаннан, Қытайдан туристерді көптеп тарту үшін экотуризмді мемлекеттік деңгейде дамытуымыз керек. Ал Алакөл сияқты жағажай туризміне сол көрші Ресей мен өзіміздің адамдар ғана  келеді. Жоңғар алатауында Жасыл көл бар. Соны да қолға алу керек. Әртүрлі сарқырамаларды көрсететін бағдарламалар жасау керек. Ал Балқашқа, Алакөлге, Бурабайға келіп  суға түсіңдер дегенге ыстық жақтан келетін туристерге ол қызық емес. 

«Біз қазір ішкі туризм бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алматы, Астана, Алматы облысы мен Түркістан облыстарына туристік турлар ұйымдастырамыз. Қарапайым туристеріміз үшін әртүрлі жобаларымыз бар», – дейді Алмас Маратұлы.