Жаңалықтар

Депутат онкологиялық науқастарды емдеу бюджеті қысқарғанын сынға алды: министрлік жауап берді

Депутат онкологияны емдеу бюджеті қысқарғанын сынға алды / Коллаж kursiv.media

Депутат Асхат Аймағамбетов онкологиялық ауруларды емдеу үшін қаржыландыруды 20% қысқарту туралы шешім қабылдағаны үшін Денсаулық сақтау министрлігін сынға алды. Оның айтуынша, министрлік 11 маусымда күшіне енетін бюджетті азайту туралы бұйрық қабылдады.

«Бұл құжат жеткілікті талқылаусыз, жабық форматта қабылданды. Өкінішке орай, қажетті зерттеулер мен тиісті есептеулерсіз барлық клиникалық шығын тобы (КШТ) бойынша онкологияны емдеу үшін бюджеттен бөлінетін қаражат қысқартылды», — деп жазды Аймағамбетов өзінің telegram-каналында.

Оның ойынша, Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі соңғы жылдары мемлекет ұстанған саясатқа қайшы келеді. Депутат 2023 жылы онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілгенін, оның шеңберінде қаржыландыруды ұлғайтып, мақсатты препараттар тізбесін кеңейтіп, жабдықтарды сатып алуды бастағанын еске салды.  

«Онкологиямен болашақта ауырмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан бұл бәрімізге ортақ маңызды мәселе. Бұл салада ежелден проблемалар көп. Бірақ соңғы жылдары тек үміт қана емес, нақты оң өзгерістер де пайда болғанын айтып өткеніміз жөн», – деп қосты ол.

Аймағамбетов 10 маусымда Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта өтетін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақмарал Әлназароваға осы тақырып бойынша сұрақтар қоюды жоспарлап отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі депутаттың бұл сынына жауап беріп, түсініктеме берді.

«Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылы медициналық ұйымдарда онкологиялық пациенттерге медициналық көмек көрсетуге талдау жүргізді. Іріктеп тексерілген алты ұйымда медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарттары мен қағидаларының көптеген бұзушылықтары, сондай-ақ 18 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрік 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің онкология орталықтары алған пайданың жалпы сомасы 31,8 млрд  теңгеден асқанын атап өтті. Министрлік өз әрекетін бюджет қаражатын орынсыз пайдалануды қысқарту деп түсіндірді.

«Бюджет қаражатын орынсыз пайдалануға жол бермеу үшін шұғыл шара ретінде Денсаулық сақтау министрлігі алқа отырысы барысында онкологиялық қызметтің клиникалық-шығынды топтары бойынша базалық мөлшерлемені 20%-ға төмендету туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.

Осыған дейін депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС жарнасының көлемін өсіруге қарсылық білдірген.