Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы автомобиль өткізу пунктері 10 маусымда жұмыс істемейді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, бұл күні Қытайда «Айдаһар мерекесі» (Дуан-У Джо) атап өтіледі.
«10 маусымда «Айдаһар меркесіне» байланысты қазақ-қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерінде адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді өткізу уақытша тоқтатылады. Тасымалдаушылардан және шекарадан өтуге ниет білдіргендердің барлығынан енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», — делінген хабарламада.
Шекарадағы теміржол өткізу пунктері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Жалпы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Кедендік бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаевтың айтуынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 31,5 млрд долларға жеткен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ол жылы бұл көрсеткіш 18 млрд долларды құраған. Ал 2022 жылы 24,2 млрд долларға жеткен. Оның ішінде экспорт үлесі 14,7 млрд доллар, импорт үлесі – 16,8 млрд доллар болған.
Айта кетейік, Қазақстаннан шығу электронды кезек арқылы рәсімделеді. Бұл шекарадан өту уақытын қысқартады. Бұған қоса Қытай тарапы рұқсат бланкілерін автоматтандырылған жүйемен беретін болды.
Сонымен қатар Қазақстанда транзиттік әлеуетті дамыту және тауар айналымын ұлғайту мақсатында Үкімет Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарадағы өткізу пункттерін толыққанды жаңғыртылады.