Бейне

Желден жүйрік: атпен шабу – жастар арасындағы жаңа тренд

Атпен шабу – жастар арасындағы жаңа тренд / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Шабандоздыққа қызығушылық артқалы рухты әндердің де танымалдығы артты. Мысалы, Президенттік оркестрдің «Рух» деп аталатын шығармасына түсірілген мына видео 1,3 миллион қаралым жинаған. 

@ansasoul

@КОННЫЕ ПРОГУЛКИ АЛМАТЫ📍

♬ Рух – Президенттік оркестр

Ал Instagram-да мұндай видеолардың бірі 2,8 миллион қаралым жинаған. 

Жүйрік атта, желмен жарыса шабуға қазақтар ертеден қызыққан. Ал кейінгі жылдары бұл жаңаша трендке айналды. Бұл, әсіресе, жас қыздардың арасында ерекше танымал. Олар атқа мініп, рухты әндермен шапқан видеоларын желіге жүктеп жүр. Мұндай видеоларға көбіне тек оң пікір жазылады. Ал олардың қаралымы миллионнан асады. 

«Ат спортымен бір жарым жыл бұрын айналысып бастаған адам ретінде бұл дүниенің танымалдылығы өте жылдам артып бара жатқанын айта аламын. Алғашқы сабағыма барғанда алаңда үш оқушы жүрсе, қазір бірден бес адам кіретін болыпты», – дейді Батырбек Корлусбаев. Спорттың бұл түріне әуесқойларды үйретуді алғашқылардың бірі  болып цирк әртісі Батырбек Корлусбаев қолға алған. 

Батыр әкесімен

Батырбек цирк әртістері әулетінен шыққан. Оның әкесі — Кеңес Одағы кезінде цирктегі ат баптау өнері саласынан шетелге шыққан алғашқы қазақстандықтардың бірі.

«Бала кезден жылқы баптайтын, олармен бірге сахнада өнер көрсететін әртістермен өстім. Адамдардан бұрын жылқылармен байланыс құруды үйренген сияқтымын. Бірақ бала күнімде ешкім әртіс боласың деп қыспақтаған емес. 15 жасымда әкемнің жолын жалғастырғым келетінін, өмірімді жылқылармен байланыстырғым келетінін түсіндім. Бірден эстрада-цирк колледжіне тапсырдым. Екінші курстан бастап сахнаға шыға бастадым. Содан 2020 жылға дейін сахнада өнер көрсеткен екенмін» – дейді.

Батыр 2020 жылға дейін Қытай сахнасында өнер көрсеткен. Коронавирус инфекциясына байланысты карантин кезінде елге оралған. Елге келіп, бос жата алмай, Алматыда сахна шабандоздары мектебін ашуға лайық жер іздеген. Сөйтіп жүріп, бір ат клубына жұмысқа тұрған. 

«Басында шабандоздықты (джигитовка – ред.) үйретіп жүрдік. Адам аса көп болған жоқ. Бірақ біз жұмыс істейтін жердің табиғаты әдемі, тау етегінде алма бағы бар жер болды. Сонда бір алаңқайда шабандоздықты үйреткенге қарағанда, осы әдемі бақта жүйткіп шабуды үйреткен дұрысырақ деп ойладым. Себебі осындай сұлулық бос жатпауы керек болып көрінді. Содан шабандоз мектебінің жаңа форматына көше бастадық. Алдымен аттан қорықпауды, онымен байланыс құруды үйрету үшін оқушыларды бірнеше сабақ арнайы левадада дайындадық. Жаңа деңгей ретінде оқушыларды баққа шығаратын болдық», – дейді Батыр.

Бақта атпен шапқан керемет сезім сыйлайды. Тау етегінде, айнала толған жасыл желек, сен ат үстінде жүйткіп келесің, бетіңе самал жел еседі. Бұл сәтте Батырдың барлық оқушысы өзін аспанда қалықтап ұшып бара жатқандай сезінеді. Мен үшін де солай. Ал жылдамдық артқан сайын құлағыңда қазақтың күйі ойнайды.

«Негізі шабандоздық қазақтың қанында бар. Қазақтар қашаннан еркін болған. Атқа отырып, шапқан кезде оқушылар сол еркіндікті сезеді. Бірақ мен бұл істе тәлімгер болам дегендегі бастапқы ойым жай шабуды үйрету болмады. Рас, қазақтар ертеден жылқы асырайды, екінің бірі отыра алуы да мүмкін. Бірақ қазір заман бұрынғыдай емес. Шапқыншылық заманда жылқы соғысқа да қатысқан. Бірақ қазір мен оқушыларыма шапқанда жылқыға да, шабандоздың өзіне зиян келмейтіндей болуын үйретемін”, – дейді ол. 

Батыр алғаш атқа шабу сабақтарын ашқанда бұл сонша танымал болып, демалуға уақыт таппай қалуым мүмкін деп ойламаған. Ол бұл хоббидің танымал болып кеткенінің себебін өзінше түсіндіріп көрді.

Батырдың оқушыларының тең жартысы

Қолымызда небәрі 12 жылқы болды. Күніне атқа шабуды үйренемін деп 70 адам келетін болды. Жылқылар да бізбен тең, күн сайын сегіз сағат жұмыс істейтін. Әрине, адамдар келіп, атқа шабуды үйренгенде, бірінші рет шауып көріп, езуі құлағына жетіп, бақытты болғанда тәлімгер ретінде қатты қуанасың. Мұндай бақытты сәтін өзің-ақ видеоға түсіріп алғың келеді. Негізі бәрі осыдан басталған сияқты. Ең бірінші оқушылар шауып үйренгенде видеоға түсіріп алдық. Олар оны әлеуметтік желіге жүктеді. Кейін бәрі бір-бірінен көріп, шабандоздық трендке айналып кетті.

Адамдар сол кадрдағы бақытты, еркіндікті өздері де сезініп көргісі келді. Видеолар да көбейе бастады. Мұндай мектептер бұрын тек киноларда бардай көрінетін. Жылқы асырау да қымбат саналатын. Адамдар видеоларды жиі көре бастаған соң, «е, мен де бара алады екенмін, қатты қымбат емес екен» деген ой пайда болды. Содан бұл өнерге қызығатындар да көбейді, сонымен бірге вирустай тарайтын видеолар да артты”, – дейді ол.

Расында, мұндай видеолар өте жылдам тарайды. Мысалы өзімнің және тәлімгерімнің шабысын салыстырып түсірген кейінгі видеом тиктокта небәрі екі күнде 200 мыңнан аса қаралым жинады.  

Бұл тренд, әсіресе, жас қыздар арасында ерекше танымал. Бұл хобби тек қуаныш сыйлап қоймай, адамдарға қорқынышын жеңуге де көмектеседі. Салмағы 500 келі болатын жылқыны басқара алған адамның бойында сенімділік пайда болары да анық. 

Әдетте желіде тараған видеолардың астына хейт көп жазылады. Алайда атқа шапқан видеосын жүктеген қыздардың көбі тек марапат сөз естіп жатады.

Желі қолданушылары мұндай видеолардың астына «Керемет, мен де осылай шапқым келеді», «Ең басты арманым», «Өте әдемі», «Қазақтың батыр» қызы деген мәтіндегі комментарий қалдырып кетеді. 

Қазірдің өзінде Tiktok желісіне #жылқы хештегімен 60 мыңнан аса видео жүктелген. Ал әйгілі «Ай, жануар, шап» деп басталатын «Адай» күйінің жаңа нұсқасымен қазір 700-ге тарта видео салынған.

Бұл тренд бизнес бастаймын дегендер үшін бір белгі болғандай. Қазір бір Алматының өзінде 70-ке тарта ат клубы бар екен.