Павлодар мұнай-химия зауытында бір ай бойы жөндеу жұмысы жүргізіледі

Жарияланды (жаңартылды )
пнхз
Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын уақытша тоқтатады /kmg.kz

Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) бір ай бойы жөндеу жұмысы жүргізіледі. Осы мерзімде кәсіпорын қызметін уақытша тоқтатады. Зауыт басшылығы көптеген көрсеткіш бойынша жоспардың асыра орындалғанын атап өтті.

2024 жылдың 5 айында ПМХЗ шамамен 2,5 млн тонна шикізатты қайта өңдеп, шамамен 730 мың тонна бензин, 807 мың тонна дизель отынын өндірді. Оған қоса 130 мың тонна битум, 217 мың тонна мазут, 147 мың тонна сұйытылған газ, 113 мың тонна авиаотын шығарды.

Битум өндіру қондырғысында жаңа пештің іске қосылуы өнім шығаруды 11%-ға арттыруға мүмкіндік берген.

Жоспарға сәйкес мұнай-химия зауыты жөндеу жұмысын 17 маусымда бастайды. Елде мол жанар-жағар май қоры бар. ҚМГ ақпараты бойынша зауыттағы үзіліс өңірлерді мұнай  өнімдерімен қамтамасыз ету үдерісіне әсер етпейді.

«ПМХЗ-ның тұрақты және сенімді атқаратын қызметі ішкі нарықты әлеуметтік маңызды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қауіпсіздік техникасы талаптарының барлық нормаларын сақтай отырып, 2024 жылғы жоспарлы алдын алу жұмыстарын бекітілген мерзімде сапалы жүргізуді қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Павлодарға жұмыс сапары барысында. Төраға жөндеу жұмысын ерте аяқтауды тапсырды.

«ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны — Павлодар мұнай-химия зауыты былтыр да уақытша жабылды. 2023 жылдың 20 маусым мен 19 шілде аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ оқыңыз