Жаңалықтар

Қазақстанда шегірткенің таралу қарқыны күшейіп келеді

Қазақстанда шегірткенің таралу қарқыны күшейіп келеді /shutterstock

Биыл шегірткенің таралу ауқымы үлкен болады деп болжануда. Соған байланысты Үкімет шегірткемен күрес жұмысын күшейтпек.

«Біз биылғыдай шегірткенің таралу аймағын бұрын-соңды кездестірген емеспіз. Біз оның таралуының ықтимал салдарын жете бағаламаймыз. АШМ Мемлекеттік инспекция комитетіне барлық рәсімдік мәселелерді дереу аяқтауды және барлық қажетті техниканы аталған өңірлерге жіберуді тапсырамын. Қарбалас уақытта біз штаб отырысын аптасына екі рет өткізетін боламыз», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин. 

Бұған дейін 260 мың гектар өңделген. Бірақ Түркістан облысының Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарындағы қосымша 50 мың гектар учаске өңделді. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметі бойынша барлық қажет техника көкөніс-бақша дақылдары алқаптарының айналасында шоғырланды.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында да шегіртке дернәсілдері көбейе бастады. Өңірдің 12 ауданында 281 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Шегірткеге қарсы күреске 600-ге жуық адам тартылды. Әкімдік тағы 14 техника сұрап отыр.

«Қостанай облысының бес ауданындағы 29,4 мың га аумақта химиялық өңдеу жүргізілді. Дернәсілдердің көбею орындарына мониторинг жасау және анықтау үшін 129 тексеруші және 326 уақытша қызметкер тартылды. 72 бірлік техника әзір тұр. Шегірткеге қарсы күрес жұмыстары фермерлермен бірлесіп жүргізілуде», – деп хабарлады Үкімет баспасөз қызметі.

Былтырдан бері зиянкеспен күрес күшейді

Былтыр Ақтөбе мен Қостанай облыстарының егістіктерін шегіртке жайлаған. Қостанай облысындағы 500 гектар алқап бүлінген. Қазақстанда итальяндық шегіртке, азиялық және марокколық шегірткелер тараған. Сол кезде ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев келесі жылы да зиянкестер күрт көбейетінін айтқан.

«Әрбір 11 жыл сайын шегірткелердің таралуының осындай шарықтау шегі болады. Биыл осындай кезең. Келесі жылы да шегіртке көп болады. Мұндай кезеңде шегірткенің таралуы он, жиырма есеге көп болады. Бір шегіртке, шамамен 100 немесе 1000 жұмыртқа сала алады», – деген еді министрлік басшысы.

Көршілес елдер бірлесіп зерттеуде

АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дархан Әбдікәрімов жылмен салыстырғанда шегіртке таралу қаупі зор екенін растады.

«11 жылдық цикл биылға дөп келіп тұр. Шегіртке тектес бір зиянкес 10 шақты күбіршік тастайды. Ол күбіршіктің әрқайсысында 40-тан астам жұмыртқа болады. Сонда әр күбіршіктің ішінен 400-ге жуық шегіртке шығады. Күн сәулесінің күшеюі ол жұмыртқалардың сақталуына оң әсер етеді. Яғни ауа райы ол зиянкестердің биыл көп болуына ісер етеді», – деді.

Биыл Қазақстан шегіртке үйірімен күресу үшін шекаралас жатқан Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен келісімге келген.