Tesla биыл жаңартылған Y моделін шығармайды – Илон Маск
Tesla жаңартылған Y моделін биыл шығармайды. Бұл туралы компанияның бас директоры Илон Маск сенбі, 8маусымда, X әлеуметтік желісінде жазды.
«Биыл Y моделі «жаңартылмайды», – деген Маск Tesla өз көліктерін үнемі жетілдіретінін айта келіп, «сондықтан 6 ай бұрын шыққан жаңа көліктің өзі сәл жақсырақ болады», – деді.
Reuters ақпараты бойынша Tesla ескірген модельдерін жаңартуға асығып отырған жоқ. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер тұтынушылардың қымбат көліктерге деген сұранысын азайтты. Әлемдегі ең үлкен автокөлік нарығы – Қытайдағы бәсекелестер арзанырақ модельдерді шығаруда. Оған қоса, автокөлік өндірушінің дүниежүзі бойынша көлік экспорты кейінгі төрт жылда алғаш рет бірінші тоқсанда қысқарды.
Норвегияның әл-ауқат қоры Илон Масктың құны 56 миллиард доллар болатын еңбекақы төлем пакетіне қарсы дауыс беретінін мәлімдеді.