Осы аптадағы АҚШ-тың негізгі макроэкономикалық жаңалықтары: Федералдық резерв жүйесінің мәжілісі өтеді және мамыр айындағы инфляция туралы мәліметтер жарыққа шығады. Ал Азияның бүкіл қор нарығы Жапония Орталық банкінің осы аптада өтетін отырысына елеңдеп отыр. Сонымен бірге трейдерлер Қытай, Таиланд және Тайваньдағы пайыздық мөлшерлеме туралы шешімді күтуде деп жазады The Wall Street Journal.
Корпоративтік жаңалықтарға келетін болсақ, бұл апта Apple компаниясының жыл сайынғы әзірлеушілер конференциясынан (WWDC) басталады. Айтулы жиында компания жасанды интеллект саласына қатысты өз стратегиясын жария етеді. Yahoo Finance 13 маусымда Tesla басшысы Илон Масктың 56 млрд долларлық бонустық пакеті бойынша акционерлер дауыс береді деп жазады. MarketWatch болса: 11 маусымда Oracle, ал 12 маусымда Broadcom және бейсенбі, 13 маусымда, Adobe тоқсандық есебін жариялайтынын айтады.
Дүйсенбі, 10 маусым күні Apple басшысы Тим Кук Apple компаниясының Бүкіләлемдік әзірлеушілер конференциясын сөз сөйлеп ашады. Бұл жиын жұмаға дейін жалғаспақ. Өткен аптада Apple компаниясы бүкіл әлемді дүрліктірген ЖИ саласындағы серпіліске орай, NVIDIA-ның акциясы қымбаттап жатқан қоғамдық компанияларының тізімінде екінші орынға түсті. Инвесторлар конференцияда iPhone өндірушісі осы саладағы бәсекелестерін қалай қуып жетуді көздейтінін айтады деген ойда.
Сейсенбі күні, 11 маусымда Oracle 2024 қаржы жылының төртінші тоқсанындағы нәтижелерін ортаға салады.
АҚШ-тың ұлттық тәуелсіз бизнес федерациясы (NFIB Small Business) шағын бизнеске қатысты мамыр айына тиісті оптимизм индексін жариялайды. Көрсеткіш сәуір айындағы 89,7 пунктпен салыстырғанда 89,5-ке дейін төмендейді деген болжам бар.
Ал сәрсенбі, 12 маусымда Broadcom 2024 қаржы жылының екінші тоқсанындағы қаржы есебін көпшілік назарына ұсынады.
АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросы (BLS) мамыр айындағы тұтыну бағасының индексін (CPI) жариялайды. Консенсустық болжамға сенсек, өткен айда да АҚШ-тағы инфляцияның жылдық көрсеткіші сәуір айындағыдай 3,4% болды. Тұтыну бағасының базалық индексі (Core CPI азық-түлік пен энергия бағасын есепке қоспайды), Уолл-стриттің бағалауы бойынша, мамыр айында 3,5%-ға өсті. Ал сәуірде бұл көрсеткіш 3,6% болған.
Солтүстікамерикалық шығыс уақыты бойынша сағат 14.00-де Федрезерв АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеме жөнінде шешім қабылдайды. Уолл-стрит ФРЖ мөлшерлемені 5,25% – 5,5% деңгейінен асырмайтынына сенімді. Сондықтан инвесторлар ең алдымен бағаның қашан төмендей бастайтыны жайлы, атап айтқанда, ол қыркүйекте басталуы мүмкін бе, сол туралы реттеушінің ишарасын күтіп отыр деп жазады WSJ.
Бейсенбі күні, 13 маусымда Adobe 2024 қаржы жылының екінші тоқсанындағы кірісі туралы хабарлайды.
АҚШ-тағы қор нарықтары жабылғаннан кейін, Tesla акционерлерінің жылдық жиналысы басталады. Күн тәртібіндегі басты мәселе – компания басшысы Илон Масктың 56 млрд долларлық бонусы жөнінде болмақ. Инвесторлардың көбі егер Масктың бонустық пакеті қайта мақұлданса Tesla қағаздары қымбаттайды, ал қарсы дауыс басым түссе, әлемдегі ең қымбат автоөндірушінің акцияларына кері әсер етеді деп санайды. Бұл пікірді Morgan Stanley сауалнамасына сілтеме жасай отырып Yahoo Finance жазды.
Жұма күні, 14 маусымда Жапония Банкі ақша-несие саясаты туралы шешімін жариялайды. Сарапшылар жапониялық Орталық банк мөлшерлемені 0,1%-дан өзгертпейді деп топшылайды. Наурыз айында Орталық банк баға деңгейін 17 жылда бірінші рет көтеріп, осы елде 2016 жылдан бері пайыздық мөлшерлемеге кері ықпал еткен саясатқа нүкте қойған еді.