Жаңалықтар

Southwest Airlines акциясының қомақты пакетін Elliott сатып алды, енді компанияға өзгеріс енгізуді көздейді – WSJ

Elliott Investment Management инвестиция қоры Southwest Airlines акциясының үлкен пакетін сатып алды / Фото: shutterstock

The Wall Street Journal әлемдегі ең ірі белсенді инвесторлардың бірі америкалық Elliott Investment Management инвестиция қоры Southwest Airlines компаниясының негізгі акционерлерінің біріне айналды деп жазады дереккөздерге сілтеме жасай отырып. Даллас әуе компаниясы соңғы жылдары едәуір дағдарысты бастан кешіп жатыр. Ал Elliott көрсеткіштерді жақсарту үшін компанияға бірталай өзгеріс енгізуге ниет танытып отыр.

Толығырақ

Elliott шамамен 2 млрд долларға Southwest Airlines-тің қомақты акция пакетін сатып алды. WSJ-ге сұхбат берген кісілердің айтуынша, осылайша қор техастық әуе компаниясының ең ірі инвесторларының біріне айналды. Қор нарықтағы құны 16,6 млрд доллар тұратын әуе компаниясының басшылығымен диалог жасауды ойластырып жатыр.

Elliott – технология және басқа да саладағы компанияларға қатысты белсенді іс-қимылымен танылған қор. Crown Castle, NRG Energy және Goodyear Tire & Rubber сияқты бірнеше компанияда бұл инвестициялық қор жақында позициясын нығайтып, тіпті басшыларын ауыстыруға да ықпал етті.

Southwest компаниясындағы дағдарыс

Southwest Airlines өткен ғасырдың 70-ші жылдарында қызмет көрсете бастады және уақыт өте келе жолаушылар тасымалы бойынша АҚШ-тағы ең ірі лоукостерге айналды. Компания төмен бағасымен және сапалы қызмет көрсетуімен танымал болды. Southwest тек бір ұшақ түрін – Boeing 737 ұшағын пайдаланады. Сондықтан оның шығыны азырақ әрі жиі демпинг жасауына мүмкіндігі көбірек болды.

47 жыл бойы табысты қызмет етіп келе жатқан компания COVID-19 пандемиясы кезінде айтарлықтай қиындықтарға тап болды. Өйткені бұл кезеңде жолаушылар ағыны төмендеп кетті. Ал  2022 жылдың соңына қарай Рождество қарсаңында қарлы дауыл болып, компанияның 17 мыңға жуық рейсі тоқтап қалды. Бұл оқиға Southwest беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Сондай-ақ Alaska Airlines рейсіне қатысты қаңтардағы оқиғадан кейін, жаңа Boeing ұшақтарын жеткізудің кешігуі де компанияның даму жоспарына кері әсер етті. Өткен көктемде Southwest Boeing ұшақтарын жеткізуді кейінге қалдырғанын хабарлады және бірнеше әуежайға ұшудан бас тартты.

Southwest басшылығы қаржылық дағдарыстан шығу үшін бірқатар шешім қабылдады. Соның ішінде ұшақтағы орындықтарды қайта орналастыру мәселесі де бар. WSJ-дің айтуынша, әуе компаниясы қазіргі кезде нәтижені жақсартуға көмектесетін премиум опциялар ұсынбайды.

Көрсеткіштер не дейді?

2023 жылы Southwest Airlines-ке 9,6% – 26,1 млрд доллар кіріс кірсе де, компанияның жалпы табысы 7,6%-ға, яғни 498 млн долларға дейін азайды. Әуе компаниясының қаңтар-наурыз айындағы рекордтық кірісі де жағдайды жақсарта алмады, оның таза шығыны 1,5 есеге артты. Түзетілген шығын бір акцияға 0,36 доллар болды. Бұл – FactSet сауалнамасына қатысқан талдаушылардың бір акцияға 0,34 доллар болады деген орташа болжамынан нашар.

Southwest әлі де биылғы жаз компанияға жайлы болады деп сенеді. Компания екінші тоқсанда да кіріс деңгейі жоғары болады деп топшылайды. Дегенмен саяхат маусымы саябырсығанда, ұшу кестесін қысқартуды жоспарлап отыр. Southwest акцияларының бағасы соңғы үш жылда екі еседен аса құлдырады. Өткен жұмада Нью-Йорктегі саудада бір акцияның бағасы 27,75 доллар болды. Бұл туризм саласын тұсаулаған пандемия кезіндегі, 2020 жылғы наурыздағы баға деңгейінен де төмен. Southwest акцияларының орташа мақсатты бағасы нарықтық бағадан 0,8%-ға төмен. FactSet сауалнамасына қатысқан 22  сарапшының 13-і инвесторларға Southwest қағаздарын инвестициялық портфельде ұстауға кеңес береді. Төртеуі сатып алуды, қалған бесеуі сатуды ұсынады.