Жаңалықтар

Қатерлі ісікке қарсы дәрі жасайтын MAIA Biotechnology компаниясының акциясы қымбаттады

Басқа компанияның жетістігі MAIA акциясының қымбаттауына түрткі болды / Фото: shutterstock

Өткен жұма, 7 маусымда, Нью-Йорк биржасында қатерлі ісікке қарсы дәрі жасайтын MAIA Biotechnology компаниясының бағасы 16%-ға қымбаттады. Бұған америкалық реттеуші FDA-ның басқа биотехнологиялық компания – Geron Corporatio-ның миелодиспластика синдромын емдейтін дәрісіне рұқсат беруі әсер етті. Geron Corporation өз әдісінің тиімді екенін он жыл бойы дәлелдеп келеді. MAIA да дәрі жасауда дәл осы әдісті қолданады.

Толығырақ

MAIA Biotechnology компаниясының акциясы 7 маусымда 16,27%-ға – бір данасы 3,86 долларға қымбаттады. Компанияның жалпы капиталы 84,3 млн доллар. Биржа жабылған кезде баға тағы 6%-ға көтеріліп, 4,09 долларға жетті. Жалпы жыл басынан бері компания 230%-ға жуық қымбаттады.

MAIA 7 маусымда АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті бақылау басқармасы (FDA) қатерлі ісікке қарсы иметелстат деп аталатын дәріге рұқсат бергенін хабарлады. Бұл дәрі миелодиспластика синдромына шалдыққан, қызыл қан түйіршіктерін құюды қажет ететін науқастарға қолданылады. Иметелстат – Geron Corporation компаниясының өнімі. Ол хромосоманың ішкі бөліктерін қорғайтын әрі  қалпына келтіретін ферментті тежеуші ретінде әрекет етеді.

МАІА қазір қатерлі ісікке қарсы, осы хромосомаға бағытталған емдеу әдісін әзірлеп жатыр. Сондықтан иметелстатқа берілген рұқсат оның бизнесіне де оң әсер етеді. Атап айтқанда, MAIA рак жасушаларын өлтіруге әсер ететін иметелстаттың белсенділігін зерттеу үстінде.

Контекст

Geron иметелстат дәрісін 10 жыл бойы жасап келеді. Препаратты зерттеу ісі оның қауіпсіздігіне қатысты бірнеше рет тоқтап та қалды. 2016 жылы клиникалық зерттеу ісіндегі қиындықтарға байланысты, компанияның нарықтағы құны біршама төмендеді. Алайда өткен жылы ол көп жылғы зерттеуінің «оң нәтижесін» жария етті. Соның арқасында дәріні тіркеу үшін, FDA-ға өтінім беріп, өткен аптада ғана ұзақ күткен рұқсатқа қолы жетті. FDA бұл өнімге сирек кездесетін ауруларға қарсы қолданылатын дәрі деген мәртебе берді.

Сарапшылар не дейді?

MarketWatch мәліметі бойынша, MAIA Biotechnologу қызметін бір сарапшы бақылайды. Ол компанияның акциясын сатып алуға кеңес береді. Мақсатты баға – 14 доллар.