Nvidia акцияларының бөлшектенуі, АҚШ-тағы мөлшерлеме жөніндегі болжамдар, Volvo Еуропаға қайтып оралды

Жарияланды
БАҚ шолуы / REUTERS/Ann Wang

Nvidia акциялары бөлшектеніп еді, сарапшылар олар одан әрі қымбаттайды деп болжам жасап отыр. Алайда макроэкономикалық болжам әркелкі болғандықтан, алда не болатынын ешкім тап басып айта алмайды. Бәлкім, нарықтар 2008-2009 жылдардағыдан да төмен деңгейге құлдырайтын шығар. Осы және басқа да тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріндегі әлемдік БАҚ-қа шолудан оқыңыз.

Nvidia акцияларын бөлшектеп жатыр: инвесторларды не күтіп тұр?

«Nvidia әр акциясын 10-ға бөлді, енді компанияның қағаздары мен ЖИ секторының басқа да акцияларының жағдайы не болмақ?» деген сұрақты сарапшылар Yahoo Finance материалында ортаға салды.

«Nvidia басшылығының акцияны бөлшектеуі акцияларының қазіргі құнын сақтап қалатынына сенімді екенін көрсетеді», – дейді S&P Dow Jones Indices аға талдаушысы Говард Сильверблатт. Winthrop Capital инвестициялар жөніндегі директоры Адам Кунс бұл шара бөлшек сауда инвесторларының қызығушылығын арттырады деп біледі, бірақ акциялардың құбылмалылығын тудыруы мүмкін екенін де жоққа шығармайды: «Трейдерлер көңіл күйіне қарай тез сатып алып, тез сатып жіберіп, соның әсерінен жоғары құбылмалылық туындауы мүмкін».

Жалпы, акцияны бөлшектеу – кез келген компания үшін тиімді шара. Мұндай қағаздардың орташа кірістілігі әдетте бір жылдан кейін 25%-ға жоғарылайды дейді Bank of America. Соңғы жылда Nvidia акциялары 212% -ға қымбаттаған.

Осы апта ішінде АҚШ қор нарығында құбылмалылық артуы мүмкін

Осы аптада АҚШ қор нарығы екі түрлі күйзеліс шырмауына тап болады: мөлшерлеме жөніндегі ФРЖ шешімі және тұтыну бағасының индексінің жариялануы дейді Market Watch. 12 маусымда таңертең мамыр айының индексі жарияланады да, артынша Федералдық резервтік жүйенің екі күндік отырысы аяқталып, мөлшерлеме жөнінде шешім қабылданады.

Тіпті қаржылық саясат жұмсарады деген үміт сөніп бара жатса да, әзірге АҚШ-тағы акциялар қымбаттау үстінде. FactSet дерегіне сүйенсек, S&P 500 индексі үшін баға мен пайданың форвардтық 12 айлық арақатынасы 20,7 болып тұр, бұл көрсеткіш бес жылдағы (19,2) және 10 жылдағы (17,8) орташа көрсеткіштен жоғары.

Десе дегендей, Джером Пауэлл қатаң мәлімдеме жасап, нарықтың көңілін қалдырады деген қауіп бар. Ал компаниялар екінші тоқсанның есебін беретін маусым басталғанда көңілге түскен қаяу қоюлана түсуі мүмкін.

Гарри Дент: «Нарықтарды 2008–2009 жылдардағыдан да зор күйреу күтіп тұр»

Экономист Гарри Дент FoxBusiness-ке берген сұхбатында 2025 жылы АҚШ қор нарығында «көпіршіктің көкесі» болады деп болжайды. Оның бастауы COVID-19 пандемиясы кезіндегі ынталандырушы ақша-несие саясатында жатыр дейді. «Бұл нағыз өкімет жасаған алғашқы жасанды «көпіршік» болды. Бұрын-соңды мұндай нәрсе болған емес, – дейді Дент. – Ұлы депрессия алдында да тура осылай болған, бірақ ол кезде нарықтық тетіктер әрекет еткен болатын».

Экономистің пікірінше, қазіргі теңгерімсіздіктің бастауы 2008–2009 жылдардағы күйреуде жатыр, себебі сол кезде көптеген дамыған елдің экономикасына қосымша қаражат (сан жағынан жұмсарту саясаты) құйылды. «Әдетте көпіршік бес-алты жылдан аспай жарылады, ал мынасы 14 жылдан бері келе жатыр, – деп атап өтті Дент. – Демек, күйреудің көлемі де жойқын бола ма деп қорқамын».

Volvo электрлік көлік өндірісін Қытайдан Бельгияға көшіріп жатыр

Volvo Car AB Қытайдағы электрлік көлік өндірісін Бельгияға көшіруге кірісті, себебі Еуроодақ Қытайда шығарылған электрлік көлікке баж салығын көтеруге дайындалып жатыр деп хабарлайды The Sunday Times. ЕО мен Қытай арасындағы саудаға қатысты келіспеушіліктің соңы Пекинге қарсы антидемпингтік тергеуге ұласты. Volvo-ға иелік етіп отырған Zhejiang Geely Holding Group Co. үшін баж салығының жоғарылауы – едәуір ауыртпалық. Қазірдің өзінде бұл салық электрлік көлік құнының 10%-ын құрайды.

Кеше Синьхуа агенттігі ҚХР сауда министрі Ван Вэньтаоның: «Қытайды жосықсыз бәсекелестік жасадың деп айыптау – мүлде негізсіз әрекет», – деген мәлімдемесін жариялады.

Ал Германия канцлері Олаф Шольц қытайлық электрлік көлікке қатысты баж салығын көтеруге қарсы шықты дейді Bloomberg. Бейжің жауап ретінде қозғалтқышы үлкен еуропалық автомобильдерге баж салығын енгізуге дайын екенін және бұл қадам Mercedes-Benz, Porsche және BMW секілді неміс компаниялары үшін оңай соққы болмайтынын білдірді.

«Оқшауланудан, заңсыз кедендік кедергілер қойғаннан тауарлар қымбаттайды, ал халық кедейлене түседі, – деді Шольц. – Біз шетелдік компаниялар үшін нарықтарымызды жаппаймыз, себебі біздің компанияларымыздың да сондай жағдайға түскенін қаламаймыз».

Сондай-ақ оқыңыз