Ел тұрғындарының 14 пайызында тұрақты жұмыс жоқ. Қазақстанның тұтынушылық табиғаты қалай өзгеріп жатыр?

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Ел тұрғындарының 14 пайызында тұрақты жұмыс жоқ. Бұл туралы 19-шы халықаралық сауда әлемі конвенциясында айтылды.

Сарапшылардың айтуынша, сауда қатынасындағы, тұтынушылық қарым-қатынастағы үрдістер сәт санап өзгеріп жатыр. Өзгеру, даму процесі тым жылдам жүруде. Бұл өз кезегінде сауда қызметін ұсыну мен тұтынушылық табиғатты бірқатар өзгеріске де ұшыратады. Орталық Азияның әр еліндегі даму тенденциясы әртүрлі, дегенмен жалпы картина ұқсас. Өңір көшбасшысы саналатын Қазақстандағы көрсеткіштер де біркелкі емес.

NielsenIQ Kazakhstan компаниясының бөлшек желілермен жұмыс жөніндегі директоры Лейла Мұсатаеваның айтуынша, 2024 жылы әлемдік экономикалық көрсеткіш 3,2 пайызға дейін жақсаруы мүмкін. Бұл ретте Орталық Азияның кейбір елдеріндегі экономикалық өсім қарқыны аталған мәннен де жоғары қалыптасады. Мысалы, Өзбекстанда биылғы экономикалық өсім – 5,2 пайыз, Қырғызстанда – 4,4 пайыз, Тәжікстанда 6,5 пайыз болады деп болжанып отыр. Қазақстандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсім қарқыны әлемдік деңгейге сәйкес келеді және 3,1 пайызды құрайды.

«Алдағы екі жылда инфляцияның өсім қарқыны төмендейді. Инфляцияның баяулауы қазірдің өзінде байқалады, бірақ Қазақстан мен Өзбекстанда қысым әлі де сақталып тұр. Өңір елдерінің ішінде Қазақстанда 2022 жылы инфляцияның ең жоғарғы көрсеткіші байқалды – 14,6 пайыз. Қырғызстанда тұтынушылық бағалар – 13,9 пайыз, Өзбекстанда – 11,4 пайыз, Тәжікстанда 6,6 пайыз болды. Бұл ретте инфляцияның әлемдік деңгейі 8,7 пайызды құрады», – дейді Лейла Мұсатаева.

NielsenIQ Kazakhstan болжамынша, 2025 жылы инфляцияның әлемдік деңгейі төмендеп, 4,5 пайызды құрайды. Орталық Азия елдерінде баға өсімі баяулайды, бірақ бәрібір өсу жалғаса бермек. Болжам бойынша, 2024 жылы Өзбекстанда бағалар – 9,7 пайызға, Қазақстанда – 7 пайызға, Қырғызстанда – 6,6 пайызға, ал Тәжікстанда 6,3 пайызға өседі. Өсіп келе жатқан инфляция фонында Орталық Азия елдері халқының табысы да артады делінеді. Мәселен, Өзбекстанда былтыр жалақы бәрінен де көп өскен – 26 пайызға, Қазақстанда – 11 пайызға, ал Қырғызстанда – 16 пайызға. Ресейде, керісінше, орташа айлық жалақы 11 пайызға құлдырап кеткен.

Сауалнамаға сәйкес, қазақстандық респонденттердің 49,7 пайызы осы жылы қаржылық жағдайы жақсарады деп күтеді. Бұл көрсеткіш өткен жылғы 54,1 пайыздан төмен түсіп кеткен. Өзбекстанда көрсеткіш 58,5 пайыздан 63,5 пайызға өссе, Қырғызстанда 56,8 пайыздан 54,7 пайызға түсіп кеткен. Тәжікстанда да көрсеткіш төмендеген, алайда Қырғызстаннан жоғары болып қалып отыр – 63,2 пайыз.

Күнделікті қолданыстағы тауарлар бағасының қымбаттауын әрбір үшінші қазақстандық өзі үшін тәуекел деп есептейді. Халықтың 28 пайызын қарыздар мен кредит мазаласа, 25 пайызын денсаулығы алаңдатады. Сонымен қатар ел тұрғындарының басым бөлігі жеке қаржылық жағдайы жеткіліксіз деңгейде деген пікірде.

«Сұралғандардың 28 пайызы осы жылы қаржылық жағдайлары өзгермейді деген көзқараста. Бұл өздерінің шығындарын қысқартуға мәжбүр етеді. Респонденттердің 63 пайызы киім-кешекке жұмсалатын шығынды қысқартса, 61 пайызы үйден тыс тамақтануға кететін шығынды азайтқан. 34 пайызы газ бен электр энергиясын үнемдеп тұтынуға көшкен. Бұл үрдіс былтырмен салыстырғанда 8 пайызға өскен. Сатып алушы мейлінше рационалды және сақ әрекет етуге кірісті. Сатып алушылардың 53 пайызы тек ең қажетті деген заттарды сатып алатынын айтады. 30 пайызы промоакцияларды іздейді, 24 пайызы күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды бұрынғыдан аз сатып ала бастаған», – дейді Лейла Мұсатаева.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, мемлекеттік сауда саясаты үш бағытта жүріп жатыр.

«Ол – ішкі сауда, сауда-экономикалық интеграция және экспортты қолдау бағыты. Ішкі нарықта біз бизнеске қолайлы жағдай тудыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау – маңызды бағыт. 2023 жылдың қорытындысы бойынша саудаға салынған инвестиция көлемі 23,6 пайызға өсіп, 853 млрд теңгені құрады. 2027 жылға таман біз 1,6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартқымыз келеді және мемлекет бұл бағытта жұмыс жасап жатыр. Ал бизнес үшін жайлы жағдай жасау бойынша сауданың заманауи форматы үлесін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазір оның үлесі 33 пайыз шамасында. 2029 жылға таман көрсеткішті 70 пайызға жеткізгіміз келеді», – деді министрлік өкілі.

Ішкі сауда саласы бойынша басты басымдықтар мыналар:

  • Замануи сауда инфрақұрылымдарын қалыптастыру;
  • Экономикалық қолжетімділікті қамтамасыз ету;
  • Электронды және биржалық сауданы дамыту;
  • Қазақстандықтардың құқығы мен мүддесін қорғайтын жайлы орта құру;
  • Өнім қауіпсіздігі мен сапасын арттыру арқылы ішкі нарықты қорғау.

Шикізаттық емес экспорт бағыты бойынша басты басымдықтар:

  • Экспорттаушыларға институционалдық, қаржылық және сервистік қолдау көрсету;
  • Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер жеткізілімінің географиясын кеңейту;
  • Сауда ағындарын әртараптандыру.

Сауда-экономикалық интеграция бойынша басты басымдықтар:

  • Сыртқы нарықтарда отандық тауарлар мен қызметтер үшін жайлы жағдайлар құру;
  • Экономикалық интеграциялық бірлестіктерде ұлттық экономикалық мүддені алға жылжыту және қорғау.

Қазірге дейін елдегі 19 сауда нарығы модернизацияланған. Сонымен қатар электронды сауда үлесі 12,7 пайызға жетіп, оның жалпы айналымы 2,4 трлн теңгені құрап отыр.

Алматы және Астана қалаларында фулфилменттердің ашылуы, Ақтөбе мен Атырауда бондты қоймалардың ашылуы, цифрлы кодекс аясында электронды сауда саласының қадағалануы онлайн сауда-саттықтың өрістеуіне жол ашты.

Жалпы, ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары екі бағытта жүргізіліп жатыр. Оның бірі – республикалық бюджеттен 10 млрд теңге көлемінде қаржының бөлінуі. Екіншісі – мемлекеттің несиені 10,5 пайыз мөлшерлемесімен субсидиялауы. Қолданылатын құралдар – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несие бойынша кепілдік беру.

Мемлекеттік қолдау шаралары мына бағыттарда көрсетіледі:

  • Сауда нарықтарын модернизациялау;
  • Сауда нысандарының құрылысы, оларды кеңейту;
  • Үй жанындағы дүкендер;
  • Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу.

Облыс орталықтары үшін (Астана, Алматы және Шымкенттен басқа) 3 млрд теңгеден кем емес көлемде қаржы ұсынылады. Моно және шағын қалалар, ауылдық елді мекендер үшін максималды сома – 1,5 млрд теңге. Субсидиялау мерзімі – инвестициялық мақсат үшін – 5 жылдан кем емес мерзімде. Айналым қаражатын толықтыру үшін – 3 жылдан кем емес мерзімде.

2023 жылы сыртқы сауда қатынасы 3,2 пайызға өсіп, оның айналымы 140 млрд долларға жеткен. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 2,3 пайызға артқан. Бұл ретте шикізаттық емес экспорттың номенклатурасы 278 позицияға көбейіпті. Соның ішінде 78,7 млрд доллары – экспорттан, 61,2 млрд доллары – импорттан түскен. 2024 жылдың қаңтарынан наурызына дейінгі аралықта еліміздің тауар айналымы 31,2 млрд доллар болыпты. Шетелге экспортталған шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің саны 278 атауға өсіп, 6010 атауға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз