«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 300 млрд теңге дивиденд төлейді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
ҚМГ қанша дивиденд төлейтінін жариялады /Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы (ҚМГ) акционерлеріне 2023 жыл үшін 300 млрд теңге дивиденд төлейді. Компания акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында осындай шешім шығарылған.

Дивиденд көлемі ҚМГ-ның 2023 жылғы қаржы көрсеткішінің негізінде дивидендтік саясатын ескере отырып бекітілген. 1 қарапайым акцияға төленетін дивиденд көлемі 491,71 теңге болады. Жалпы сомасы 300 млрд теңгеге тең.

«Акционерлер компанияның дивидендтік саясатын және Директорлар Кеңесінің ұсынымын басшылыққа ала отырып, 2023 жылғы аудиттелген қаржылық көрсеткіштер негізінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2023 жылғы пайдадан төленетін 491,71 теңгеге (төрт жүз тоқсан бір теңге жетпіс бір тиын) бір жай акциясына есептегенде дивиденд мөлшерін бекітті. Осылайша, дивидендтердің жалпы сомасы шамамен 300 млрд теңгені құрайды», – делінген компания хабарламасында.

Акционерлерге дивиденд 24 маусымнан бастап төленеді. Жиналысқа қатысуға және дауыс беруге құқығы бар ҚМГ акционерлерінің тізіміне сәйкес, акциялар саны 610 063 688 құраған. Жиналысқа қатысу үшін компанияның 476 899 875 қарапайым акцияларына иелік ететін екі акционер өкілдері тіркелді, бұл 78,17%-ды құрайды.

Сонымен қатар компанияның Басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің құрамы бекітілген. Жалпы жиналыста Мағзұм Мирзағалиевтің «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болып Асхат Хасенов сайланды.

ҚМГ-ның 67,42 % акциясы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі болса, Қаржы министрлігі 20 % акциясына иелік етеді. Сонымен қатар 9,58 %-на Ұлттық банк ие.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» – Қазақстанның жетекші вертикалды
интеграцияланған мұнай-газ компаниясы. Компания көмірсутектерді барлау мен
өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызметтер
көрсетуге дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы
құрылған компания Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мүддесін қорғайды

15 наурызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2023 жылдың қаржы есебін жариялаған.

Есеп бойынша Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясының түсімі 8 320 млрд теңгені (18 236 млн АҚШ доллары) құрады. Былтыр бұл көресткіш 8 693 млрд теңге (18 860 млн АҚШ доллары) болатын. Демек түсім 4,2% төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз