Қуанышбек Есекеев «Қазақтелекомның» басшылығынан кетіп, Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды

«Қазақтелеком» компаниясын 14 жыл басқарған Қуанышбек Есекеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
«Мемлекет басшысының өкімімен Қуанышбек Бақытбекұлы Есекеев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Қуанышбек Есекеев 1975 жылы 10 маусымда дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірген. Математика ғылымдарының кандидаты.
Есекеев «Қазақтелеком» АҚ-ны 2010 жылдың 15 наурызынан бері басқарып келді. Сонымен қатар Qazaq Cybersport федерациясының және Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының президенті.
Әр жылдары «Кселл» АҚ және «Парасат» ҰҒТХ директорлар кеңесінде қызмет еткен.