1 шілдеден сұйытылған газ бағасы литріне 5-8 теңгеге қымбаттауы мүмкін
Қазақстанда 1 шілдеден сұйытылған газ бағасы қымбаттауы мүмкін. Энергетика министрлігі «Ашық НҚА» порталында министр бұйрығының жобасын жариялаған. Қазіргі кезде газ бағасы өзінің өндірістік құнынан төмен екен. Оған қоса газ тұтыну көлемі артып келеді.
1 шілдеден Қазақстанда сұйытылған мұнай газының (СМГ) бағасына біршама түзету енгізіледі. Астана қаласында қазір сұйытылған 1 литр газ бағасы 76 теңге болса, 1 шілдеден 84 теңгеге жетеді.
Алматы қаласында 81 теңгеден 89 теңгеге жетпек. Ақтөбе мен Атырау облысында қазір 1 литр газ бағасы 54 теңгеден сатылса, келесі айдан бастап 59 теңгеден саудаланады. Осы облыстың шалғай аудардарының тұрғындары 1 литр газды қазір 59 теңгеден сатып алады. Жаңа тариф енгізілсе, 64 теңгеден алатын болады.
Одан бөлек басқа облыстарда газ бағасы былай көтерілмек:
№ | Өңірлер | Қазіргі баға | Облыс орталығынан шалғай аудандардағы қазіргі баға | 2024 жылғы 1 шілдеден бастап | 1 шілдеден бастап облыс орталығынан шалғай аудандардағы баға |
1. | Астана қ. | 76 | – | 84 | – |
2. | Алматы қ. | 81 | – | 89 | – |
3. | Ақтөбе облысы | 54 | 59 | 59 | 64 |
4. | Атырау облысы | 54 | 59 | 59 | 64 |
5. | Ақмола облысы | 76 | 81 | 84 | 89 |
6. | Алматы облысы | 81 | 86 | 89 | 94 |
7. | Шығыс Қазақстан облысы | 76 | 81 | 84 | 89 |
8. | Жамбыл облысы | 71 | 76 | 78 | 83 |
9. | Батыс Қазақстан облысы | 64 | 69 | 70 | 75 |
10. | Қостанай облысы | 76 | 81 | 84 | 89 |
11. | Қызылорда облысы | 64 | 69 | 70 | 75 |
12. | Қарағанды облысы | 76 | 81 | 84 | 89 |
13. | Маңғыстау облысы | 54 | 59 | 59 | 64 |
14. | Павлодар облысы | 74 | 79 | 81 | 86 |
15. | Солтүстік Қазақстан облысы | 81 | 86 | 89 | 94 |
16. | Түркістан облысы | 64 | 69 | 70 | 75 |
17. | Шымкент қ. | 64 | – | 70 | – |
18. | Абай облысы | 76 | 81 | 84 | 89 |
19. | Жетісу облысы | 76 | 81 | 84 | 89 |
20. | Ұлытау облысы | 76 | 81 | 84 | 89 |
Министрлік сұйытылған газдың қымбаттауына бірнеше себеп барын айтады. Біріншіден, қазір сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндірудің өзіндік құнынан әлдеқайда төмен. Осылайша СМГ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өзгереді. Ал өңдеуші зауыттар үшін қолданыстағы шекті көтерме баға тоннасына 40 320 теңгені құрайды. Осылайша өндірілген әрбір тонна газдан зауыттар 20-30 мың теңге көлемінде шығынға ұшырайды.
Екіншіден. Жылдан-жылға СМГ-ны тұтыну күрт өсіп барады. Былтыр Қазақстанда газ тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға немесе 28%-ға өсті. Мәселен, 2023 жылы СМГ тұтыну көлемі 2,2 млн тоннаны құрады (2022 жылы 1,8 млн тонна).
Үшіншіден. СМГ бағаны одан әрі тежеген жағдайда қазақстандық өндіруші зауыттарда ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндігі болмайды. Залалдылықтың салдарынан зауыттар тиімдірек өнімге ауыса отырып, СМГ өндірісіне қызығушылығын жоғалтуда. Осындай себептерге байланысты инвесторлар да салаға инвестиция салғысы келмейді.
Төртіншіден. Қазақстандағы СМГ бағасы төмен. Аймақтар бойынша алып қарайтын болсақ, оның бағасы 54-тен 86 теңгеге дейінгі аралықта. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде бір литр газдың бағасы 132 теңге, Әзірбайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге.
Сарапшылардың болжамынша, 2024 жылы ішкі нарықта тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 млн тоннаны құрайды. Бұл жағдайда газ тапшылығы 30-40%-ды құрауы мүмкін.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде сұйытылған газ қымбаттайтыныын былтыр қарашада айтқан.
Қазақстандағы табиғи газ бағасы әлемдегі ең төмен бағалардың бірі. 47 елден газ құны бойынша деректер жинаған Global Petrol Prices сарапшылары осындай тоқтамға келді.
Мәліметтерге сенсек, Қазақстан арзан бағадағы табиғи газы бар «көшбасшы үштікке» жатады. Қазақстандағы газ бағасы Иран (0,001 доллар) және Алжир (0,003 доллар) газы сияқты қолжетімді әрі арзан: 0,006 доллар.
Салыстыру үшін сарапшылар пікірін алға тарта кетейік, қазір табиғи газдың орташа әлемдік бағасы кВт/сағ үшін 0,12 долларға тең. Бұл Қазақстан көрсеткішінен 21 есе көп. Табиғи газдың ең жоғарғы бағасы 0,447 доллар есебімен Швецияда тіркелген.
Мұндай газ бағасы Қазақстандағы әдеттегі бағадан 78 есе артық. Мұнымен қоса, Әзірбайжан сияқты елдерде де газ бағасының едәуір жоғары екені байқалады. Ал Украинада газ бағасы 0 0,024 доллар болса, Қытайда 0 0,048 долларға тең.