Халықтан ескі көлікті сатып алса, жақсы өзгеріс болар еді – Қазақстан автокөлік одағының басшысы
Алматыда өтіп жатқан KURSIV/AUTO 2024 форумында сала мамандары Қазақстандағы ескі көліктер санын азайту және утильалым қалай жұмыс істеп жатқанын талқыға салды.
Қазақстан автокөлік одағының басшысы Анар Мақашеваның айтуынша, елдегі ескі автокөліктерді азайтудың бірнеше жолы бар.
«Отандық авто өндірушілерді қолдау және ескі көліктер санын азайту үшін Түркиядағыдай шекараны жауып алуға болады. Өзбекстандағыдай салық пен тарифтерді өсіруге болады немесе шыққанына 10 жылдан асқан ескі көлікті кіргізбей қоюға болады. Алайда біздің елде ескі көліктердің жүруіне рұқсат бермеу халыққа зиян келтіреді. Одан да халықтан ескі көлікті сатып алса, жақсы өзгеріс болар еді», – деді Мақашева.
Ол утильалым мөлшерін көбейту де, отандық авто өндіріске пайда алып келмейтінін айтады. Утильалым тек ескі көліктер санын азайтуға алып келетін құрал болуы керек екенін атап өтті.
Автокөлік нарығын талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарянның айтуынша, ескі көліктер санының артуына Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген көліктердің утильалымсыз заңдастыруға рұқсат беру әсер еткен.
«ЕАЭО елдерінен келген көліктерді заңдастыру оларды көлеңкелі бизнестен шығаруға көмектесті. Алайда 303 мың ескі автокөлікті утильалымсыз тіркеу арқылы осыған дейін еліміздің «жасарған» автотұрағын тағы да ескі көліктерге толтырдық», – дейді Мискарян.
Оның айтуынша, ЕАЭО елдерінен енген көліктерді заңдастырмай тұрып, зауыттан шыққанына 3 жыл болған көлік саны артқан. Маман бұны импортқа жағдай жасалғанын көрсететін фактордың бірі деп есептейді. Оның сөзінше, елдегі көліктің үштен бірі шетелден келеді.
Былтыр автомобиль нарығы 10 жылда алғаш рет өсті. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі жеңіл автокөліктердің саны 14,4%-ды құраса, 2015-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 0,7%-ға төмендеген. Нарық ұзаққа созылған тоқыраудан шықты.