Қытай автокөлік брендтері Қазақстан нарығына қалай әсер етті: Сұраныс 3 есе артты
Қытай автокөлік брендтері Қазақстан нарығына тың серпіліс алып келіп, жаңа әрі арзан автокөлік сатып алуды қалайтын қазақстандықтардың көңілінен шығып келеді. Бұл туралы KURSIV/AUTO 2024 форумы аясында сарапшылар айтты.
JAC Motors Qazaqstan компаниясының Маркетинг және клиенттерге қызмет көрсету департаментінің директоры Нариман Бектұровтың айтуынша, Қытай автокөліктерінің артуына бірінші кезекте қаржылық жағдай әсер еткен.
«Қытайлық автокөліктердің артуы бірінші кезекте қаржылық жағдайға байланысты. Бюджетті брендтер Қазақстан нарығынан кетіп қалғаннан кейін, бағасы арзан Қытай көліктеріне сұраныс арта түсті», – деді Бектұров.
Екінші себеп, Қытайлардың жақсы көлік жасап үйренгенінде. Яғни Қытай көліктерінің ыңғайлы әрі барлық мүмкіндікті арзан бағаға беруі қазақстандықтар үшін басты құндылық болып отыр.
Koleso Group компаниясының CEO басшысы Дмитрий Ботанов айтуынша, Қытайдан келген көліктерді қазақстандықтар көбіне өздері міну үшін алады. Оны алып-сату деңгейі өте аз. Ботанов Қытай көліктеріне деген сұраныс 3 есе артқанын айтады.
«Бір жыл ішінде Қытай көліктеріне деген біздің қосымшадағы сұраныс 3 есе артты. Қазір Koleso-дағы сатылымға шыққан жүрілген көліктің 3%-ы қытай автокөліктері. Ал диллерлер сатылымға шығарған жаңа көліктердің 30%-ы қытайлық», – дейді Ботанов.
Автокөлік нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарянның айтуынша, Қытай көліктері Қазақстанда ғана емес, әлемде де үлкен сұранысқа ие бола бастаған.
«Қытай авто өндірісінің соңғы 30 жылда қарқынды дамуы арқасында қытайлық брендтерге деген ұсыныс тек Қазақстанда емес, әлемде де арта түсті. Мұның басты себебі ретінде Қытай үкіметінің өндірісті қолдауын айтуға болады. Үкімет тек елдің өзінде ғана емес, әлемде де қытайлық өндірісті орындарын ашуға ат салысып келеді», – дейді Мискарян.
Еске сала кетсек, 2022 жылы Қытай Германияны басып озып,әлемдегі көлік экспорты бойынша екінші орынға шықты. Ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында Жапонияның алдына түсіп, жылдың аяғына дейін бірінші орыннан түспеген.
Қазақстан автонарығында да қытайлық көліктердің қатары артып келеді. Былтыр қытайлық өндірушілер ҚР автонарығындағы үлесін үш есе арттырды. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 4%-дан 2022 жылы 11%-ға дейін жеткен.
Алдағы уақытта Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауытының жобасы аясында қытайдың Changan, Haval және Chery брендімен автокөлік шығармақ. Жыл сайын осы маркалардың әрқайсысынан кемінде 30 000 көлік құрастырылады.