2023 жылы Қазақстанда сатылған жаңа көліктің 20-25% Ресейге кетеді. Бұл туралы Astana Motors компаниясының CEO басшысы Бекнұр Несіпбаев KURSIV/AUTO 2024 форумында айтты.
KURSIV/AUTO 2024 форумында Қазақстан авто нарығының өкілдері елдегі көлік тапшылығының себебін түсіндірді.
Бекнұр Несіпбаевтың сөзінше, Қазақстанда автомобильдің аз болуына бірінші кезекте пандемия кезіндегі сұраныстың артуы, одан кейінгі мемлекеттік жеңілдіктер әсер еткен.
Екінші және басты себеп ретінде қазақстандықтардың өз көліктерін сатып жатқанын, әсіресе, Ресейге сатылып жатқан көліктердің саны артқанын атап өтті. Маманның айтуынша, Қазақстанда соңғы жылда сатылған жаңа көліктердің 20-25%-ы алыпсатарлар сатып алып, үстеме баға қосып, Ресейге сатқан.
«2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталуы әсерінен әлемдік автомобиль компаниялар көрші елге автомобиль жеткізуді тоқтатты. Осылайша Қазақстан нарығына ресейлік көлік алушылар келе бастады. Қазақстандықтар алыпсатарлықпен айналысып, жаңа көлікті сатып алып, бағасын өсіріп, Ресейге сатуды бизнеске айналдырып алды», – дейді Бекнұр Несіпбаев.
Алдағы уақытта Ресейде Қазақстаннан енгізілген автомобильдерге утильалымды арттыру көзделген. Маманның сөзінше, бұл Қазақстанда жаңа көліктердің сатылуына әсер етуі мүмкін. Алайда қазір авто нарық бірқалыпты жағдайға түсе бастаған.
«2024 жылы 160 мың көлік өндіріледі деп күтеміз. Қазір автонарық бірқалыпты жағдайға түсе бастады. Бұған әрине өзге салалардағы нарықтың бір жүйеге келіп жатқаны да әсер етуде. Себебі үй бағасы өссе де, өзге нарықта шығын көбейсе, ол автонарыққа да әсер ететіні анық», – деді Қазақстан автокөлік нарығының басшысы Анар Мақашева.
Былтыр автомобиль нарығы 10 жылда алғаш рет өсті. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі жеңіл автокөліктердің саны 14,4%-ды құраса, 2015-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 0,7%-ға төмендеген. Нарық ұзаққа созылған тоқыраудан шықты. Сарапшылар, автодилерлер, салалық қауымдастық пен реттеуші органдардың өкілдері KURSIV/AUTO 2024 форумында Қазақстан авто нарығының мәселелерін талқыға салуда.
Форумды мына сілтеме арқылы онлайн көруге болады