Қазақстандық автоөндірушілерге талапты күшейту керек

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Автоөндірушілерге қандай талап қойылады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ақтам Зиперов

Қазақстандық автоөндірушілерге талапты күшейту керек. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан KURSIV/AUTO 2024 форумында «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев мәлім етті.

«Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын күшейту қажет. Оның бірі осы автоөнеркәсіп саласын дамыту», – деді спикер.

Елімізде көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы қағидалар бекітілді. Осы қағидалар аясында жеңіл автокөліктерді өндірушілерге арнайы талаптар белгіленді.

«Яғни жеңіл автокөліктерді өндірушілерге екі немесе одан да көп марка көлік құралын шығарған кезде көліктің әрбір маркасы үшін кемінде бір үлгідегі дәнекерлеу және бояу бойынша техникалық операцияларды жүргізу талап етіледі. Біз осы талапты сақтап отырмыз. Бұл шағын торапты жинақ әдісінің (CKD) негізгі бөлігі. Сондықтан талаптардың сақталуын қадағалап, Қазақстандық автоөндірушілерге талапты күшейту керек», – деді Несіпбаев.

Бұл ретте «СемАЗ» ЖШС Бас директорының орынбасары Қадыролла Жұмағұлов автоөндірушілер мен қоғам арасында қайшылық барын айтады.

«Бізге диалог керек, біз сол деңгейге жеттік, локализация керек. Бір жағынан бәріміз экономикалық жағдайға, ғылыми технологияға тәуелдіміз. Бұны мойындау керек. Авто құрастыру қоғам назарында болса, қоғам ретінде соған көмектесу керек. Біз локализацияға қызығамыз. Бізде өндіріс төмен. «Qarmet» көлік бөлшектерін құрастыру үшін металл өндіру туралы жаңадан ойланып жатыр. Осы кезге дейін қайда болды?», – деді Қадыролла Жұмағұлов.

2023 жылы Қазақстанда түрлі үлгідегі 148 885 көлік өндірілген. Бұл 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 30,2%-ға жоғары. Олардың ішінде, жеңіл автокөліктердің саны 134 мыңды құрады. Оның 13 мыңы немесе 9,7%-ы CKD әдісімен шығарылды. Қалғаны сәйкесінше SKD әдісімен өндірілді.

Былтыр Қазақстанда 150 мың автокөлік шығарылды (ішкі нарықтағы сатылымның 75%-ы), ал қазақстандық 10 автокөліктің біреуі ғана шағын торапты жинақ әдісімен (CKD) шығарылады. ҚР Индустрия министрлігі биыл жыл соңына қарай CKD үлесі 20%-ға, ал 2027 жылға қарай 50%-ға жетеді деп есептейді

Сондай-ақ оқыңыз