Жаңалықтар

Болашақта электромобильдердің орнын гибридті көліктер басады – сарапшы

Алдағы жылдары гибридті көліктер трендке айнала ма? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев алдағы жылдары 2023 жылдың тренді болған электромобильдер сұранысқа ие болмайды деп есептейді. Оның пайымынша, олардың орнын гибридті көліктер басады.

Спикердің сөзінше, нарық үнемі құбылып отырады. Бұл ретте ол қытайлық BYD электромобильдерін мысалға алды. Компания көрші Өзбекстанда «жаңа қуат көздерімен жұмыс істейтін» 9 мыңнан астам автокөлікті сатқан.

«Алдағы жылдары гибридті көліктер басым болады. Бұл қуатталатын гибридтер немесе ұзақ қашықтыққа жүре алатын гибридтер. Яғни, бұл көлікке қажет болған жағдайда бензин құйып алуға болады, сонымен қатар электр энергиясымен қуаттап алуға да болады», – деді Бекнұр Несіпбаев KURSIV/ AUTO 2024 форумында.

Ол «Астана Моторс» Өзбекстанда сататын көліктердің 85%-ға жуығы гибридтер, тек 15%-ы таза электромобильдер екенін атап өтті. Несіпбаев дәл осындай жағдай Қазақстанда да қайталануы мүмкін деп есептейді.

Freedom Finance Global инвестициялық сарапшысы Аңсар Әбуев өткен жылы Астанада электромобильдер санының өсімі 1500% болса, Алматыда 1000% болғанын айтты.

«Сонымен қатар Freedom Finance сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 11%-ы гибридті көліктер алуы мүмкін екенін айтты. Егер алдағы уақытта шынымен де осы 11% гибрид көліктер таңдаса, нарықта үлкен өзгеріс болуы мүмкін», – деді Аңсар Әбуев.

Еске сала кетсек, ҚХР мемлекеттік кеден басқармасының мәліметінше, 2023 жылы Аспан асты елі шетелге 1,54 млн электромобиль экспорттап, 34,12 млрд доллар табыс тапқан. Осылайша алғаш рет Жапонияны басып озды. Қытайдың жаһандық электромобильдер экспортындағы үлесі 2018 жылғы 4,2%-дан былтыр 35%-ға жеткен.