Жаңалықтар

Қазақстанда автокөлік сатылымы екінші ай қатарынан төмендеп келеді. Сарапшылар себебін айтты

Қазақстанда автокөлік сатылымы 10% төмендеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда екінші ай қатарынан автокөлік сатылымы төмендеп келеді. Бұған 2024 жылдың 1 сәуірінде енгізілген борыштық жүктеме коэффицентін қатаңдату әсер етті. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан KURSIV/AUTO 2024 форумында Қазақстан автобизнес қауымдастығының басшысы Анар Мақашева айтты.

«Қазір мемлекет барынша халықтың борыштық жүктемесін төмендету бағытында жұмыс істеп келеді. Сондықтан 2024 жылғы 1 сәуірден бастап автонесие рәсімдеу кезінде борыштық жүктеме коэффициенті есепке алынатын болды. Нәтижесінде соңғы екі ай қатарынан Қазақстанда автокөлік сатылымы төмендегені байқалады», – деді спикер

Бұл ретте ол автонесие беру кезінде борыштық жүктеме коэффициентін есепке алмау туралы туралы қаулы жобасын атап өтті.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаулы жобасы 2024 жылғы 15 мамырға дейін жария талқыға шығарылғанымен, әлі қабылданбады. Оған сәйкес банктер мен МҚҰ қарыз алушыларға автонесие беру кезінде борыштық жүктеме коэффициентін есепке алмайды. Алайда мұндай шарт қарыз бойынша кепіл болатын жаңа автомобильдерге ғана қатысты. Қаулы 2024 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында енгізіледі деп жоспарлануда», – деді Анар Мақашевы.

Kolesa Group CEO-сы Дмитрий Ботанов нарықтағы автосатылымның төмендеуі қалыпты құбылыс екенін айтады.

«Қазіргі автокөлік сатылымының 10% төмендеуі қалыпты құбылыс. Бүгін де нарықта ұсыныс көп. Енді автоөндірушілер мен көлік сатушылар емес, тұтынушылар өз ережелерін айтады», – деп атап өтті автокөлік сатуға негізделген платформа басшысы.

Еске сала кетсек, борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) – бұл қарыз алушының барлық өтелмеген кредиті мен қарызы бойынша төлемдердің оның ай сайынғы кірістеріне арақатынасы. 2024 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде несие беру кезінде борыштық жүктеме коэффицентін есептеу ережесі өзгерді. Оған сәйкес несие бойынша төлем қазақстандықтандың ай сайынғы табысының 50%-ынан аспауы керек.