Жаңалықтар

Шектеулер алынды: Қазақстан мал мен құс етін Түркияға экспорттай алады

Түркия Қазақстаннан құс өнімдерін әкелуге 2005 жылы шектеу енгізген / Фото: kursiv.media

Түркия Республикасы Қазақстаннан мал мен құс өнімдерін әкелуге қойылған шектеуді алып тастады. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылғы 7 маусымнан бастап Қазақстандық өнімді Түркия нарығына жеткізуге кедергі болған бірқатар шектеулер алынып тасталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Министрлік хабарлауынша, екі ел арасында 2005 жылдан бері құс тұмауына қатысты шектеу болған. Ал, 2016 және 2022 жылдардан бері аусыл және нодулярлық дерматит бойынша шектеулер қолданылып келген.

Бұл шектеулерді алу мәселесін 2024 жылдың наурыз айында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер министрлерінің Таразда өткен кездесуінде көтерген. Ол Ресей мен Қытай арасында бұл өнімдер еркін, еш шектеусіз жеткізіліп жатқанына айтқан.

«Қазақстан Түркия, Түрікменстан және Мажарстан нарығына жоғары сапалы ет өнімдерін жеткізуге дайын екенін білдіреді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Түркия нарығы ветеринарлық қызметтер желісі бойынша қазақстандық жеткізушілер үшін іс жүзінде жабық. Биылғы жылдан бастап ҚХР мен РФ тарапынан Қазақстанға қатысты осындай шектеулер алынып тасталғанын атап өткім келеді. Осыған байланысты түрік тарапымен де осы мәселені қарауға қайта оралуға болады деп есептейміз», – деген Сапаров.

Ал кейін Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 91-ші сессиясы өтіп, онда ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Бердалин Түркияның ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Гюменмен келіссөз өткізіп, нәтижесінде шектеулерді алып тастауға келіскен.

«Түрік тарапы Қазақстан ұсынған есептерді талдап, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымына (ДЖДҰ) ұсынып, еліміздің осы аурулармен күресу және оларды жою жөніндегі табандылығы мен әрекеттерін жоғары бағалады», – деп жазвлған баспасөз хабарламасында.

Бұл шешім Қазақстандағы агробизнестің жаңа перспективаларын және мал шаруашылығы өнімдеріне қойылатын ветеринариялық талаптарды үйлестіру мүмкіндіктерін кеңейтіп, әрі осы елдер арасындағы сауда қатынастарын нығайтады деп күтілуде.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл келісім аясында ветеринариялық талаптарды үйлестіру шаралары жүргізіледі. Оған қатысты талаптар осы жылдың тамыз айында Айдарбек Сапаровтың Түркия Республикасына сапары барысында талқыланбақ.

Десе де, елдегі барлық ветеринарлық шектеу алына қоймаған. Министрлік хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қой мен ешкі шешегі жүріп жатыр.

Еске сала кетсек, Қазақстан Қытайға ет экспорттауды қайта жандандыратыны жайлы ақпанда хабарланды. Бұл елге құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге 2005 жылдан бастап тыйым салынған. Ал аусыл бойынша шектеулер 2022 жылы енгізілген еді. Шектеулерді алып тастау ҚР оңтүстік-шығыс өңірлерінен Қытайға мұздатылған сиыр және шошқа етін, сондай-ақ, құс шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымда экспорттауды қайта бастауға мүмкіндік бермек.

Сонымен бірге экспортқа шығарылатын мал басына «Е-лицензиялау» порталы арқылы квота берілетіні туралы да «Курсив» жазған. Оған сәйкес, АШМ ірі қара және ұсақ малдарды экспорттауға алты ай мерзімге сандық квота енгізеді. Шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қатысты да қолданылады. Бұйрық күшіне 2024 жылдың 2 ақпанынан бастап енеді.