18 млн тенге пара алды деген күдікпен Ақтау қалалық сотының төрағасы ұсталды – Антикор
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтау қалалық сотының төрағасы ұсталғанын хабарлады. Судья 18 млн теңге пара алды деп күдіктеледі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚР ҚПК 550-бабына сәйкес Бас прокурормен келісілген сотқа дейінгі тергеу шеңберінде Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі Ақтау қалалық сотының төрағасын ұстады», – делінген хабарламада.
Ол сенімді адамы – Ақтау қаласының тұрғыны арқылы сотталушыдан бас бостандығынан айырудан басқа жазаға үкім шығару сылтауымен 18 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат алған деп күдіктеледі.
Ол бүгінде Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалған.
Еске сала кетсек, жыл басында Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары 14 млн теңге пара алды деген күдікке ілікті. Ол жергілікті кәсіпкерлерден 14 миллион теңге көлемінде пара алу бойынша күдікке іліккен. Қаражат мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасуға, орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюға және жалпы қамқорлыққа алуға жәрдемдесу үшін алынған. Тергеу сотының санкциясымен күдікті қамауға алынды. Күдіктіге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Күдікке ілікен әкім орынбасарының кім екені айтылмаған.
Бұған дейін Түркістан қаласында коммерциялық құрылыс салу үшін жер учаскесін алу үшін жер ресурстарын басқару департаменті басшысы пара алғаны белгілі болған.
Сондай-ақ пара алу дерегімен көп ұсталатын министрліктер бар. Олардың қатарында ІІМ, ал одан кейінгі орында Қаржы министрлігі.