Балаларды спорт секцияларына қабылдау тәртібі өзгерді: бұзық балаларға басымдық беріледі
Балаларды спорт секцияларына қабылдау тәртібі өзгерді. Өзгерістерге сәйкес секцияларға қабылдау кезінде девиантты мінез-құлықты балаларға басымдық берілмек. Бұл жайлы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚР Туризм және спорт министрлігі 2024 жылғы 17 мамырдағы бұйрықпен балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеуі қағидаларына өзгерістер енгізді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Өзгерістерге сәйкес, спорт секциясына қабылдау кезегі ақпараттық жүйеде автоматты режимде жүргізіледі. Онда баланың және заңды өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, спорт секциясының түрі, өтініштің нөмірі мен уақыты, секундына дейін көрсетіліп тұрады. Сол мәліметтер бойынша реттік нөмір беріліп, ақпараттық жүйе ұсынған мәліметтер негізінде бөлуге арналған орындардың тізімі жарияланады. Яғни кезек балалардың заңды өкілдерінің берген өтініші бойынша баланың жас шектеулері ескеріле отырып, өнім берушінің әрбір спорт секциясы бойынша жеке құрылатын болады.
Ал ішкі істер органдарында есепте тұрған девиантты мінез-құлықты балалар ақпараттық жүйеде басым тәртіппен тіркеледі. Бұл нормалар «Білім туралы» Заңның 47-бабының 5-1-тармағына сәйкестендірілген.
Сонымен бірге жаңа өзгерістерге сәйкес кезекте орын ауыстыруға жол берілмейді. Бұл түзетулер нормативтік құқықтық актіні ақпараттық жүйенің қолданыстағы функционалына сәйкес келтіру мақсатында енгізілген.
Еске сала кетейік 2023 жылы балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталғаны хабарланған болатын. Бұл нысандардың құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.