Қыркүйекте квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қордан жеңілдетілген тәртіппен қаржы тартуына тыйым салынуы мүмкін
2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін квазимемлекеттік сектор субъектілеріне Ұлттық қордан жеңілдікпен қаржы тартуына тыйым салынуы мүмкін. Бұл жайлы депутаттардың сауалына берген жауабында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Депутаттар өз сауалында бизнеске кез келген негізсіз қысымды тоқтатуды, бизнеске кедергі келтіріп отырған мәселелерді шешуді сұраған. Олар сонымен бірге Квазимемлекеттік сектор үшін қолдан жасалған артықшылықтарды алып тастауды да айтқан.
Депутаттардың айтуынша, жыл сайын мемлекеттік сатып алулардағы квазимемлекеттік сектордың үлесі артып келе жатыр. Мәселен, 2023 жылдың мемлекеттік сатып алу көлемінің 6 трлн 600 млрд теңгесі бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылыған.
Осы орайда Үкімет басшысы елде бәсекелестікті дамыту және мемлекеттік компаниялар үшін артықшылықтарды алып тастау мақсатында 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін
квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілгенін хабарлаған.
Сонымен бірге «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң Парламент Сенатында қаралуда. Бұл заң мемлекеттік сатып алу процесін оңайлатуға, ашықтығын және бюрократиядан
арылтуға бағытталғанын, бір көзден сатып алу тетігін жетілдіру, оның ішінде оларды қысқарту көзделген.
«Бюджет кодексінің жобасы шеңберінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы бюджеттен тыс қаражаттың есебін енгізу ұсынылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат қазіргі уақытта тек нарықтық шарттарда ғана инвестицияланатынын атап өтеміз. Бұдан басқа, 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін нарықтық емес (жеңілдікті) шарттарда Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан мемлекеттік қаржыландыруды тартуға тыйым салуды енгізу жоспарлануда», – деп жауап берген Бектенов.
Сонымен бірге премьер-министр кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәртібін стандарттау жөніндегі шаралар шеңберінде «Бәйтерек» холдингі мысалында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының орталықтандырылған тізілімін қалыптастыру шаралары жүргізілетінін мәлімдеген.
Айтуынша, әрбір еншілес ұйымда мемлекеттік қолдау шараларын көрсету бойынша қызметтерді регламенттеу мен паспорттау енгізіледі. Экономиканы ырықтандыру жөнінде қабылданатын барлық шара бойынша жұмыс нәтижелері тоқсан сайынғы негізде Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады.
«Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шараларды іске асыру Үкіметтің қатаң бақылауында және белгіленген мерзімдерде орындалатын болады», – деп жауап берген Бектенов.
Еске сала кетейік, наурыз айында мақсатты трансферттер үшін Ұлттық қордан 411 млрд теңге алынды. Сәуір айында да дәл осындай сомада мақсатты трансферттер бюджетке аударылды.
Жалпы 2024 жылдың басынан бері Ұлттық қордан 1,9 трлн теңге қаражат алынған. Осы мерзім аралығындағы кепілдік берілген трансферттер 1,5 трлн теңгені құрады. Ал бір ай ішінде бюджетке кепілдік берілген трансферттер көлемі 480 млрд теңгені құраған.
Жақында Смайылов экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар ұлттық компаниялар арқылы іске асырылатынын, бизнесті қолдауға қомақты ресурс жұмсалып отырғанын айтып, квазимемлекеттік секторды бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені үшін жауапқа тартуды ұсынды.