Экваторлық-тропикалық елдерге саяхаттайтын қазақстандықтар қандай вакцина алуы керек?

Жарияланды
Эндемикалық елдерге сапарлайтын туристер қауіпті жұқпалы аурулардан тек вакцина арқылы сақтана алады / Фото: kursiv.media

Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Қазақстан азаматтарына экваторлық-тропикалық елдерге саяхаттар алдында вакцинасын түгендеп алуды ескертеді.

Қазіргі таңда Түркия, Египет, Индонезия, Мальдив араладары, Үндістан, Вьетнам, Қытай және басқа да экзотикалық туристік бағыттар танымалдыққа ие. Осы орайда Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Каспанова саяхатқа шықпас бұрын сол елдің эпидемиологиялық жағдайы туралы алдын-ала ақпарат алу маңызды екенін айтады.

«Сапарды жоспарлаған елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты алдын ала туроператорлардан нақтылау және туристік қызметтерге шарт жасасу кезінде медициналық сақтандырудың бар-жоғын тексеру маңызды. Сонымен бірге инфекциялық аурулардың алдын алу үшін профилактикалық екпелер мен дәрі-дәрмектердің қабылдау мүмкіндігін нақтылау қажет», – дейді ол.

Әсіресе, сары безгек бойынша қолайсыз елдерге шығу кезінде профилактикалық екпе жасау маңызды. Сонымен бірге Халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге сәйкес вакцинацияның халықаралық куәлігін алған дұрыс.

Өйткені сары безгек масалар арқылы беріледі. Табиғи жағдайларда да, қала жағдайында да бұл ауруды жұқтыру қаупі жоғары екен. Жұқпалы ауру бойынша Африканың 32 елі және Оңтүстік Американың 12 елі эндемикалық елдер қатарында. Қаспанова қауіпті аурудың алдын алудың жалғыз шарасы – вакцинация екенін айтады. Бір реттік екпе сапарға шығардан кемінде 10 күн бұрын жүргізілуі керек.

Шетелдерде Тиф, Вирусты гепатит А жұқпалы дерттері Азия, Африка және Оңтүстік Америка континенттерінің көптеген елінде тіркелген. Сонымен бірге менингококк инфекциясы Орталық Африка, Оңтүстік Америка елдерінде және Қытайда кең таралған. Сондықтан бұл ауруларға қарсы профилактикалық екпе алу ұсынылады.

Сонымен бірге Меккеге қажылыққа баратындарға да менингококк инфекциясына қарсы вакцина алу ұсынылады.

«Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болмақ болсаңыз В гепатитіне қарсы вакцинация салдырған дұрыс. Малярия бойынша қолайсыз – Африка елдеріне, Аргентина, Бразилия, Боливия, Венесуэла, Гаити, Мексика және басқа елдерге шыққанда дәрігерден профилактикалық дәрі-дәрмектер және оларды қолдану әдістері туралы ұсыныстар алу қажет. Ал эбола, холера немесе малярия сияқты аурулардан вакцинация жасау мүмкін емес. Мұндай жағдайларда тек профилактикалық шараларды сақтау қажет», – дейді Қаспанова.

Эпидемиологтар инфекциялық аурулар қаупі жоғары елдерге сапарлаған кезде вакцинациядан басқа да қауіпсіздік шараларын қабылдауды ұсынады. Атап айтқанда, тек қауіпсіз суды пайдалану қажет. Ол бөтелкедегі немесе қайнатылған су болуы керек. Егер мұздың тазалығына қатысты күмән туындаса, сусындарға мұз қоспаған абзал. Сонымен бірге қолды сабынмен және таза сумен жиі жуу қажет. Бетті де дезинфекциялық құралдармен тазалап тұру маңызды. Ал тамақ тұтынуда тек жаңа дайындалған немесе жабық тағамдарды таңдау маңызды. Шикі немесе шала піскен ет, ұлу және теңіз өнімдерінен аулақ болған дұрыс. Жалпы тағам түрлерін фабрикалық қаптамадағы өнімдерді мамандандырылған дүкендерден сатып алу қажет.

Басқа елдерге сапарлайтын қазақстандықтар саяхаттауда маңызды саналатын екпелердің тізімін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтынан көре алады.

Сондай-ақ оқыңыз