Бір жылда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 21,4%-ға көбейді
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша бір жылда (2024 жылғы мамыр мен 2023 жылғы мамыр аралығы) жаңа үйлердің бағасы 2%-ға өсті.
Қолданыстағы пәтерлерді қайта сату құны 0,1%-ға төмендеді. Абаттандырылған үйді жалға алу төлемі 4,4%-ға жоғарылады.
Ақтөбе (9,5%) мен Талдықорғанда (8,7%) бастапқы нарықтағы баспана едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлердің де бағасы өскен. Әсіресе, Атырау қаласында 13,8%-ға шарықтады. Талдықорған (24,5%), Жезқазған (23,5%) және Қарағанды (23%) қалаларында үйлерді жалға алу қымбат.
Бір айдың ішінде (2024 жылғы мамыр мен сәуірі) жаңа үйді сату 0,4%-ға өсті, ал пәтерлерді қайта сату 0,2% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі мамырда 1,3%-ға жоғарылады.
Мамыр айында 31 071 мәміле жасалған
2024 жылғы мамыр айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 071 мәміле тіркелген. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 7 668 , көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 23 403 мәміле жасалды.
2024 жылдың сәуірімен салыстырғанда (31 248) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,6%-ға азайды. Алматы (6 427 – 20,7%) мен Астана (4 467 – 14,4%) қалаларында және Қарағанды облысында (2 687 – 8,6%) сауда қызып тұр. Ұлытау облысында мәмілелер саны өте аз: 344 бірлік (1,1%).
«2024 жылдың сәуірімен салыстырғанда, сәуірде ең жоғары өсім Алматы (+29,9%) қаласында, Солтүстік Қазақстан (+20,5%) және Қостанай (+17,3%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу көшбасшылыққа қарамастан Астана қаласында (-20,0%) және Қызылорда (-17,5%), Алматы (-17,1%) облыстарында орын алды», – делінген ҰСБ дерегінде.
2024 жылдың сәуірімен салыстырғанда, пәтер саудасына байланысты мәмілелер саны тұрақты болып қалып отыр. Бар болғаны 0,1%-ға (15 мәмілеге) азайды.
Биылғы мамыр айында пәтерлер бойынша барлығы 23 403 мәміле жасалды. Бұл мәмілелердің жалпы санының – 75,3%-ы. Көппәтерлі үйлердегі пәтерлер Алматы (25,3%), Астана (18,6%) қалаларына және Қарағанды облысында (9,4%) жиі саудаға түседі. 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды. 2024 жылдың мамыр айында 9 440 мәміле ресімделген.
Жеке сектордағы үй сатылымы төмендеді
Осы жылдың сәуір айымен салыстырғанда мамыр айында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 2,1%-ға немесе 162 мәмілеге азайды. Мамырда барлығы 7 668 мәміле тіркелген. Ең жоғары өсім Ақтөбе (+40,4%), Ақмола (+29,5%) және Қостанай (+26,5%) облыстарында байқалды. Бір айда Түркістан (-18,8%), Атырау (-18,7%) және Павлодар (-13,8%) облыстарында сауда көрсеткіші төмендеді.
2024 жылдың мамырында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 21,4%-ға көбейген. Ол кезде 25 588 мәміле тіркелген. Алматы қаласында (49,4%-ға) мәміле саны көбейді. Ал Қызылорда облысында (8,6%-ға) азайып кетті.
Қаңтар-мамыр айларындағы мәмілелер санының 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда динамика 16,4%-ға жоғарылады.
2024 жылдың ақпанында да жаңа тұрғын үйлердің жылдық мәндегі бағасы 3%-ға өсіп, ал қайталама нарықтағы баға 3,3%-ға төмендеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2024 жылы жаңа тұрғын үйдің шаршы метріне қатысты ең қымбат баға Астанада (575 214 теңге) тіркелген. Биылға дейін еліміз бойынша ең қымбат пәтерлер Алматыда сатылып келген.