Алматыда ақылы автотұраққа абонемент енгізілуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
паркинг
Мотоцикл мен электромобильдердің иелері үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматыда жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін ақылы тұраққа абонемент енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Ол үшін арнайы рұқсат қажет.  Абонементтік төлем енгізу биыл тамыз-қыркүйек айында жүзеге асады деп күтілуде. Бұл жайында «Алматы паркинг» мәлімдеді.

«Жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі. Олар үшін тұрақ орындарын қайта ұйымдастыру, әсіресе, Алматы орталығының резиденттеріне таптырмас нәрсе. Жергілікті тұрғындар арнайы рұқсат алады. Абонемент арқылы көлігіңізді тұрақ аймағына (үйдің айналасындағы бірнеше блок) қоюға болады. Абонемент сатып алған автокөлік жүргізушісі тұраққа  сағаттық төлем төлемейтін болады», – деді «Алматы паркинг» басшысы Владимир Ни.

Оның айтуынша, жеңілдетілген санатқа жататын адамдар үшін де арнайы режим қарастырылады. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы соғыс қимылдарының ардагерлері, I және II топтағы мүгедектер, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың салдарынан зардап шеккен мүгедек баланың заңды өкілдері , көп балалы аналар, сондай-ақ қызметтік міндетін атқарып жүрген мемлекеттік автокөлік жүргізушілері.

Олар тегін тұраққа рұқсат алады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар мотоциклдер мен электромобильдердің иелері үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған, – деді Владимир Ни.

Алдын ала жоспар бойынша абонемент 3, 6 немесе 12 айға арналады. Биыл тамыз-қыркүйек айында енгізіледі деп болжанып отыр.

Айта кетейік, сәуір айында ақылы автотұрақ иелері көлік тұрағы үшін төлеуден жалтарған жүргізушілерге салынатын айыппұлды алып тастауға қарсы шыққан болатын. Олар бұл саладағы заңнаманы өзгерту қажет емес деп есептейді. Бұл шағым Мәжілісте бірінші оқылымда қабылданған «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске» енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан кейін болды. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда автотұрақ ақысын төлеуден жалтару үшін жауапкершілік алынып тасталды, өйткені бұл қызметтер азаматтық-құқықтық сипатта.

Бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуінде Алматыда 30 мың жаңа автотұрақтар пайда болатынын мәлім еткен еді.

Еске сала кетсек, өткен жылдың күзінде Алматыда бұрынғы A-Parking операторы 2023 жылдың 15 шілдесінен бастап ақылы автотұрақтарға қызмет көрсетуді тоқтатты. Автотұрақтарға қызмет көрсету бойынша барлық өкілеттік Алматы әкімдігіне, атап айтқанда Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасының «Алматы паркинг» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына берілді.
Жерге актілер әр аудан бойынша жеке дайындалады, осыған байланысты ақылы коммуналдық тұрақтарды іске қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Сонымен бірге Алматыда ақылы автотұрақтарды ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Оған сәйкес Алматы қаласында автотұрақтарға ақы төлеу электрондық терминал арқылы жүргізілмейді. Арнайы QR кодттары арқылы төлем төлеу тетігі енгізілді.  

Сондай-ақ оқыңыз