Бағдат Мусин «Қазақтелеком» басшысы болып тағайындалды
«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.
«Бағдат Мусинге қордың ең маңызды активтерінің бірін басқаруда үлкен табыс тілеймін. Сондай-ақ Қуанышбек Есекеевке еліміздің ең ірі телекоммуникациялық компаниясын 14 жылдан астам табысты басқарғаны үшін алғыс білдіремін. Қордың негізгі компанияларының бірі — «Қазақтелеком“ АҚ-ның дамуына бірінші басшы ретінде қосқан үлесіңіз шексіз», — деп атап өтті қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Айта кетейік, «Қазақтелеком» компаниясын 14 жыл басқарған Қуанышбек Есекеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындалды. Есекеев «Қазақтелеком» АҚ-ны 2010 жылдың 15 наурызынан бері басқарып келді.
Еске салсақ, 30 сәуірде Президент осы уақытқа дейін Цифрлық даму министрлігін басқарған Бағдат Мусинді қызметінен босатқан болатын. Мусин бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды. Кейінірек экс-министр отставкаға кеткені туралы әлеуметтік желіде хабарлады. Ол Қазақстанның әлемдегі ең дамыған цифрлы елдердің біріне айналғанын мәлімдеп, өз командасына алғыс айтты.