Германияда қазақстандық экс-судья жоғалып кетті: СІМ түсініктеме берді
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров
Германияда Қазақстан азаматы жоғалып кетті. Бір аптадан бері хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әйел Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Осы жағдайға қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді.
СІМ ресми өкілінің айтуынша, 5 маусымда Майнда Франкфурт қаласындағы ҚР-ның бас консулдығына Қазақстан азаматтары 2024 жылғы 3 маусымда қызының жоғалып кеткенін айтып арыз түсірген.
«Бас консулдық осы өтінішті ерекше бақылауға алды. Ақпарат түскен сәттен бастап дипломаттар жергілікті полицияға хабарласып, полиция жедел іздестіру іс-шарасын бастап кетті. Елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қылмыстық істің мән-жайы жария етілмейді және оған біздің тікелей араласуға құқығымыз жоқ», – деді ресми өкіл СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Айбек Смадияров қазақстандық дипломаттар жоғалған әйелдің туыстарымен тікелей байланыста екенін мәлім етті.
«Қазір неміс тарапына бұл істі жеке бақылауға алу және барлық қолғабысты көрсету туралы арнайы хат жолданды. Жақын арада неміс тарапымен бірлесіп, жоғалған Қазақстан азаматының туыстарына виза алып беру үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді ресми өкіл.
Оқиғаның мән-жайы
Айта кетейік, қазақстандық журналист Гүлмира Абықай бұрын судья болып жұмыс істеген Қазақстан азаматының Германияда жоғалып кеткенін мәлімдеп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
«Германияда қазақ қызы жоғалды! Айгүл Сайлыбаева Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» түлегі. Ол күйеуі Александр Донцовпен бірге 2019 жылы елден кеткен. Өзінен біраз жас кіші, бірнеше шет ел азаматтығы бар күйеуімен әлемнің біраз елінде тұрып келген. Ресей, Американы айналып, соңғы кезде Германияның Бейншейм шаһарына тұрақтаған екен. Соңғы 4 күннен бері елдегі туыстарымен байланысқа шықпаған Айгүлді бауыры Қанат Сайлыбаев іздеп шарқ ұрып отыр. Сорақысы сол, ағасы көзі ашық, көкірегі ояу судья әйел күйеуі мен енесінен шет елде тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүргенін айтады», – делінген жазбада.
Podslushano.de Instagram парақшасында тараған ақпаратқа сүйенсек, Айгүл Сайлыбаева 35 Tannbergstraße, Bensheim мекенжайындағы үйінен кеткен. Содан бері одан хабар-ошар жоқ.