Инфляцияның өсуіне байланысты Астана, Алматы және Шымкент қалаларына ірі көкөніс жеткізушілері бекітіледі
Астана, Алматы және Шымкент сынды ірі қалаларда жақын маңдағы облыстардан кепілдендірілген көкөніс жеткізушілері болады. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин осындай тапсырма берді. Бағаның өсуін тежеу үшін жеткізушілер үш мегаполиске бекітіледі.
Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болғандай, маусым айының бірінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі 0,1%-ға төмендеген.
Сауда комитетінің мәліметі бойынша, бір апта ішінде тауар мен көкөністің 10 түріне баға төмендеген. Олар күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, сүзбе, 1 сұрыпты ұн, тауық жұмыртқасы, макарон өнімі, сәбіз, пияз және қырыққабат. Картоптың бағасы 4,4%-ға көтерілді. Әсіресе, бұл көкөніс түрі Астана, Алматы, Ұлытау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында қымбаттап кеткен.
«Алматы-еліміздегі азық-түлік инфляциясы индексін қалыптастыруға барынша ықпал ететін өңірлердің алғашқысы. Одан кейін Астана мен Шымкент келеді. Алматыда қала базарларын тұрақты бағадағы өніммен қамту үшін көкөністерді тікелей жеткізушілер жеткіліксіз», – деп атап өтті Үкіметте.
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков егістіктен алынған жаңа өнімнің бағасы қазір тұрақсыз және күн сайын өзгеріп отыратынын мәлім етті. Дегенмен әкімдіктердің ерте шығатын өнімге форвардтық келісімшарттарды уақтылы жасасуы баға ауытқуларын реттей алады.
Алматының базарларын тұрақты бағадағы өніммен толтыру үшін көкөністерді тікелей жеткізушілер аздық етеді. Осыған байланысты Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына жақын маңдағы облыстардан көкөністерге кепілдік беретін жеткізушілерді республикалық маңызы бар үш қалаға бекіту міндетін қойды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үздіксіз жеткізу кепілдігін қамтамасыз етуі тиіс.
Айта кетейік, елімізде картоп бағасы мамыр айында 18%-ға қымбаттаған. Бұл алдағы жылдардың көрсеткішінен 2 есе көп. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше картоп бағасы алты аптадан бері көтеріліп келеді.
«Картоптың бағасы алты апта қатарынан жоғары қарқынмен өсіп келеді. Нақтырақ айтсақ, 28 мамыр мен 4 маусым аралығында көкөніс 4,4 пайызға, ал мамырда 18 пайызға қымбаттады. Әрине, бағаның секіруі маусымдық кезеңмен байланысты болуы мүмкін – көктемнің соңында картоптың қолжетімділігі әрқашан төмендейді. Бұл факторды есепке алғанның өзінде 18% айтарлықтай үлкен көрсеткіш», – делінген Бірінші кредиттік бюро хабарламасында.
Бюро мәліметінше бұл жылдағы көрсеткіштен әлдеқайда үлкен. Себебі алдыңғы жылдары маусымдық кезеңде картоп бағасы салыстырмалы түрді бір деңгейде ғана көтеріліп отырған. Мәселен, бес жылда картоп бағасы мамыр айында орта есеппен 7,5%-ға қымбаттап отырған. Ал биыл бұл көрсеткіш екі еседен де асып түскен.