Қызылордада адам ұрлап, мүлкін тартып алған қылмыстық топ ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қылмыстық топ адам ұрлап, мүлкін тартып алған /Фото: Polisia.kz, видеодан кадр

Қызылордада адам ұрлап, мүлкін тартып алған қылмыстық топ ұсталды. ІІМ және ҰҚК, Бас прокуратураның үйлестіруімен мамыр айында қылмыстық топтың жетекшісі мен мүшелерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізілген. Алайда бұл туралы енді ғана белгілі болды. 

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше,  оларды ұстаудың алдында ұзақ мерзімді жедел іздестіру шаралары жүргізілген.

«Күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін дәлелдеу олардың криминалдық байланыстарының көп болуымен қиынға соқты. Барлық факті бойынша тексеру жүргізілуде. Топ мүшелері өз мақсаттарын іске асыру үшін адамдарды ұрлап әкетіп, мүлкін тартып алып, қылмыстық қақтығыстарға қатысқан»,- деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Бұдан бөлек олардың ойын-сауық мекемелеріне «қамқорлық» көрсетуге, құрылыс және ауыл шаруашылығында бопсалауға қатысты әрекеттері тексеріліп жатыр.

«Топтың негізгі мүшелері қамауға алынды. Атыс және травматикалық қару, ірі мөлшерде қаражат тәркіленді. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр», – деді басқарма өкілі.

Осыған дейін өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған әйел 6 миллион теңге пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. Түркістан облысының тұрғыны өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған және ЭТТД мен ҰҚКД тарапынан тексеру іс-шараларын тоқтату сылтауымен пара алған.

Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің мәлімдеуінше, келісілген ақшалай сыйақы сомасы 12 млн теңгені құраған. Әйел аталған соманың жартысын алу кезінде  ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігі Түркістан облысының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Сондай-ақ оқыңыз