Apple жасанды интеллект жүйесімен инвесторларды таңғалдыра алмады
Apple Intelligence тұсаукесері кезінде компанияның акциясы бір сәтте 2,4%-ға құлдырады / Фото: Apple тұсаукесерінен стоп-кадр
Дүйсенбі, 10 маусымда, Apple WWDC әзірлеушілер конференциясында Apple Intelligence деп аталатын жаңа бағдарламалық өнімін ұсынды. Бұл бағдарламалық жасақтаманың негізгі өзегі – сыртқы серверге қосылмай-ақ, берген тапсырманы орындайтын жасанды интеллект. Жаңа бағдарлама инвесторлардың үмітін ақтамады. Apple акциясы тұсаукесер кезінде 2%-дан астам арзандады. Бұған дейін инвесторлар тұтынушылар жаңа ЖИ мүмкіндіктеріне қызығып, iPhone-ның келесі буынын сатып алатынына үміттенді деп жазды Bloomberg.
Толығырақ
Apple Intelligence-тің тұсаукесерінде Apple қағаздарының құны 192,15 долларға дейін төмендеді – бұл жұма күнгі сауданың жабылу бағасынан 2,4%-ға төмен. Сессияның соңына қарай акцияның құлдырауы 1,9%-ға дейін баяулап, сауда 193,12 доллар межесінде жабылды.
«WWDC әзірлеушілер конференциясынан инвесторлар күткен негізгі жаңалық Apple өнімдеріне жасанды интеллект енгізу мәселесі болатын. Инвесторлар ЖИ-дің жаңа функциялары пайдаланушыларды жаңа iPhone-ға қызықтырады деп үміттенді. Соның арқасында Apple-дің ең маңызды өнімінің сатылымы артып, оның аса табысты қызмет көрсету бизнесі жандана түседі деген ойда болды», – деп жазды Bloomberg іс-шара алдында. Шын мәнісінде, 4o iOS, macOS және iPadOS-қа «осы жылдың соңына дейін» чат-бот түрінде ChatGPT қосылып, Siri-ға көмекші болады деген мәлімдеме де компанияға көмектеспеді.
Apple тұсаукесерде не ұсынды?
Apple өзінің Жасанды интеллектісі адамның орнына түрлі әрекетті жасай алатынын мәлімдеді дейді The Verge. Мысалы, ол хабарландыруларды бақылай алады, хат жазады және түйіндеме толтырады, фотосуреттерді өңдейді. Apple-дің Жасанды интеллектісінің бәсекелес өнімдерден басты ерекшелігі – деректер құпия сақталады. ЖИ барлық іздеу мен сұрау тапсырмасын сыртқы серверге жүгінбей-ақ, құрылғының ішінде өңдейді. Бірақ бұл функциялар A17 Pro (iPhone 15 және одан кейінгі) немесе M сериялы чиптерде ғана жұмыс істейді.
iOS 18-ден бастап Siri де ақылдырақ бола түседі – дыбыстық көмекшінің бағдарламалық коды 10 жылда алғаш рет толығымен қайта жазылды. Siri енді қосымшаларда мәтін жаза алады, жоспарланған хабарламаларды өңдейді және жібереді, ең бастысы хабарламада контексті түсініп, сөз мәнісін сақтай алады. Мысалы, Siri-ден «фотосуретті қанық етуді» және досыңызға жіберуді немесе альбомдағы фотосуреттер ішінен белгілі бір адамды тауып беруді сұрауға болады.
Сонымен қатар IOS 18-де Image Playground деп аталатын кескінді өңдейтін жаңа мүмкіндік пайда болады. Apple «Фото» қосымшасына жасанды интеллект енгізеді. Сол арқылы кітапханадан кілт сөздерді қолданып, сурет іздеуге немесе фотосуреттен артық заттарды, адамдарды өшіруге болады.
Инвесторлар Apple-ден не күтті?
Bloomberg-тің айтуынша, Уолл-стрит Apple компаниясының жасанды интеллект туралы жаңалықтарын айрықша күтті және әсіре топшылауға ерік берді. Жексенбі, 9 мусымда, іс-шара қарсаңында, Wedbush сарапшысы Дэн Айвз 10 маусымдағы конференция Apple үшін он жылдағы ең маңызды оқиға деп жазды. Оның бағалауы бойынша, Apple экожүйесіне жасанды интеллект орнату – акция бағасының 30-40 долларға дейін көтерілуіне әсер етуі мүмкін деп хабарлады Investing.com.
Bloomberg Rainmaker Securities қаржы компаниясының құрылтайшысы Грег Мартиннің: «Егер Apple өз тұтынушыларын құрылғы жаңартуға сендіре алмаса, кәдімгідей қиындыққа тап болады» деген сөзін тілге тиек етеді. «Егер конференция қызықсыз болса, акциялар біраз уақыт тоқырауға ұшырайды», – дейді ол.
Акцияның жайы
Apple акциясы қазір өткен қарашадағы рекордтық көрсеткіш – 199,62 доллардан, шамамен, 3,2%-ға төмен. Жылдық минимум жаңарған сәуір айынан бері қағаздар 18%-ға қымбаттады. Бағаның өсуіне сарапшылардың болжамынан асып түскен тоқсандық есеп әсер етті. Дегенмен Apple өнімдеріне Жасанды интеллект енгізу жаңалығына Уолл-стриттің ерекше үміт артуы да басты рөл атқарды деп жазады Bloomberg.
Жуырда бағасы көтерілгеніне қарамастан, Apple басқа техника алпауыттарынан әлдеқайда кейіндеп қалды. Жыл басынан бері компания акциясының өсімі 0,5%-дан төмен болды. Ал Nasdaq 100 технологиялық индексі 13%-ға көтерілді. Өткен аптада Apple компаниясы әлемдегі ең қымбат компаниялар тізімінде екінші орыннан төмен жылжып, оның орнына NVIDIA чипмейкері жайғасты. NVIDIA акциялары биыл 146%-ға қымбаттаған болатын. Сөйте тұра, Apple-дің капиталы қаңтардан бері бірінші рет қайтадан 3 трлн долларға жетті.
MarketWatch мәліметтері бойынша, Apple акциясын бақылайтын 48 сарапшының тек екеуі ғана оларды сатуға кеңес береді. Ал 15-і қолдағы қағаздарды портфельде ұстауды ұсынады. Қалғандары сатып алуға кеңес береді немесе қағаздар қымбаттауы мүмкін деп бағалайды. Apple акциясына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы 202,72 доллар болып тұр, бұл 5% өсімді білдіреді.