BlackRock-тің облигациялар жөніндегі ескертуі, S&P 500-ге қатысты болжам, нарық долларға қарсы бәс тікті

Жарияланды
Shutterstock

BlackRock инвесторларды АҚШ-тың ұзақмерзімді қазынашылық облигацияларынан сақ болу керек деп ескертті. UBS-те S&P 500 жаңа рекорд жасайды деп күтіп отыр. Актив басқарушылар доллардың құлдырауына тігілетін бәс мөлшерін арттырды. Осы және басқа да тақырыптар туралы 10 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

BlackRock ұзақмерзімді трежеризге қатысты сақтық танытады

BlackRock АҚШ-тың ұзақ мерзімді қазынашылық облигацияларына қатысты инвесторлар сақтық танытуы керек деген мәлімдеме жасады деп хабарлайды Reuters. Президент сайлауының қарсаңында бюджет тапшылығына орай инвесторлар тәуекелге барғаны үшін көбірек өтемақы талап етуі мүмкін.

«Біз сайлау алдында америкалық акциялардың салмағын сақтаймыз, бірақ АҚШ-тың ұзақмерзімді қазынашылық облигацияларына қатысты сақтық танытамыз. Кім жеңсе де, бюджет тапшылығы сол күйінде қала бермек», – дейді BlackRock. Сарапшылар қазіргі президент Джо Байден де, республикалық партияның кандидаты Дональд Трамп та «тапшылықты азайтудың тұрақты жолын көрсетпеді» деп отыр. Олардың ойынша, бюджеттің қазіргі ауқымды тапшылығы инфляцияның жоғары деңгейде қалуына әсер етеді, сондықтан пайыздық мөлшерлеменің де жоғары болуы ұзаққа созылады.

Хабарламада «Нарық облигациялардың қомақты бөлігін сіңіруі керек. Инвесторлар АҚШ-тың ұзақ мерзімді облигацияларын иеленуге шұғыл тәуекел еткені үшін, сыйлықақы немесе өтемақы талап етуі мүмкін деп ойлаймыз» деп жазылған.

Осы аптада АҚШ қазынашылығы 3, 10 және 30 жылдық өтеу мерзімімен, шамамен 120 млрд долларға облигация сатуды жоспарлап отыр. Rockefeller Global Family Office-тің инвестиция жөніндегі директоры Джимми Чанг «өз облигациясын сату арқылы ысырапшыл үкіметті жазалайтын», «бондтық кек алушылар» нарыққа қайта оралуы мүмкін деп санайды. Бірақ сарапшы олардың қашан қимылдай бастайтынын нақтыламады.

UBS: Акцияның бағасы қайтадан рекордтық деңгейге көтерілуі мүмкін

UBS сарапшыларының ойынша, егер мамыр айындағы инфляция көрсеткіші мен ФРЖ-ның мөлшерлеме жөніндегі шешімі нарықтың үмітін ақтаса, осы аптада АҚШ-тың қор индекстері жаңа рекордтық деңгейге көтерілуі мүмкін.

Market Watch жазғандай, UBS Global Wealth Management компаниясының өкілі Джейсон Драхо мамыр айындағы инфляцияның деңгейі 3,4% болады деп болжайды. Оның пікірінше, бұл «тұтыну бағасының индексі төмендейді деген инвесторлар сеніміне селкеу түсірмейді». Дегенмен нарық ФРЖ мөлшерлемені төмендетеді деп күтпейді, бірақ «алдағы бірнеше айға және осы жылға қатысты пайыздық мөлшерлеменің өзгеру траекториясын» көрсететін белгілерді жайып салады деген үмітте.

S & P 500 2024 жылдың басынан бері рекордтық көрсеткіштерді 70 рет жаңартты. Бұған дейін көрсеткіштер тек 1995 жылы ғана көбірек болған (77 рекорд).

Бөлшектеу басталғалы бері Nvidia акциялары қымбаттай түсті

Yahoo Finance-тың хабарлауынша, Nvidia акциясы 1-ден 10-ға бөлшектелгеннен кейін, дүйсенбіде қымбаттай түсті. Сауданың басында бір акция 120,88 доллар болды. Күннің соңына қарай акция 0,75%-ға – 121,79 долларға дейін өсті.

Option Research & Technology Services өкілі Мэтт Амберсон: «Акцияларды бөлшектеу арқылы Nvidia бөлшек сауда трейдерлеріне әлдеқайда қолжетімді бола түсті, – дейді Yahoo Finance-қа. – Қазір 50% құбылмалы, бағасы 1 мың доллардан асатын акция сирек кездеседі. Сондықтан трейдерлер осы бөлшектеуді асыға күтті».

Актив иелері доллардың құлдырауына бәс тігеді

АҚШ-тың актив басқарушылары қазір доллардың бағамы жоғары болса да, оның арзандайтынына бәс тікті деп жазады Bloomberg. Қорлар алты апта бойы долларлық қысқа позициясын ұлғайтып жатыр, бұл 2022 жылдан бергі ең ұзақ серия.

Америкалық валютаның позициясы қазір нық – ол экономистердің бағалауынан әлдеқайда асып түсті. Алайда доллар алыптары осы аптада сәрсенбіде ФРЖ үш айға қатысты мөлшерлеме болжамын жаңартқаннан кейін, доллардың арзандауынан пайда табуды көздеп отыр.

Бірақ Goldman Sachs-тың пікірінше, актив басқарушылары долларға қарсы бәс тіккеніне қарамастан, америкалық валюта әлі де «қауіпсіз» боп қала бермек.

«АҚШ-тағы еңбек нарығының мығымдығына байланысты ФРЖ биылғы мөлшерлемені мүлде төмендетпеуі мүмкін дейтін қауіп те бар», – дейді XTB-ның зерттеу директоры Кэтлин Брукс.

Бұл облигацияның кірісі күрт артуына, жалпы доллардың нығаюына және акциялардың әлсіреуіне себеп болуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз