Дүниежүзілік алтын кеңесі: Сингапур жетекші алтын хабына айналады
Сингапур жетекші алтын хабына айналады деп санайды Дүниежүзілік алтын кеңесі (WGC). Оның басты себебі – алтынды көп сатып алатын елдерге Сингапур географиялық тұрғыда жақын орналасқан.
Толығырақ
Дүниежүзілік алтын кеңесінің айтуынша, алтын саудасы шығысқа қарай ойысып бара жатқандықтан, оның орталығы Сингапур болуы тиіс. Бұл туралы CNBC хабарлады. «Өйткені ірі дамушы экономикалардың қымбат металды тұтынуы артып келеді. Бұл нарықтардың көбі Азияда шоғырланған», – дейді WGC-дің Азия-Тынық мұхиты нарығы жөніндегі басшысы Шаокай Фань. Екінші негізгі фактор – Сингапур алтынды көбірек сатып алатын Азиядағы орталық банктерге жақын орналасқан.
Бағалы металдар жөніндегі Азия-Тынық мұхиты конференциясында Шаокай Фань: «Алтын нарығының орталығы шығысқа қарай ойысты және Сингапур оның тірек нүктесіне айналды», – деді.
Оның айтуынша, бүгінде алтын резервінің ресми орталығын құруға қажеттілік туды. Бұл бүкіл әлемдегі орталық банктер үшін ұлғайып келе жатқан проблема. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы бұл қажеттілікті өзекті етуде. Ол Сингапур Лондон мен Нью-Йорктің «шынында өміршең баламасы» бола алады деген ойда. Шаокай Фань саяси жүйесінің тұрақтылығы, инвестициялық алтын сатудағы нөлдік салық (GST) және жақсы аффинаж зауыттары Сингапурдың артықшылығы деп санайды.
Ең ірі сатып алушылар
Әлемдегі ең ірі алтын тұтынушы – Қытай. Бұл елдің орталық банкі де құймаларды көп сатып алады. Өйткені Қытай өзінің резервін ұлғайтуға ұмтылуда.
Сонымен қатар Жапония да 2019 жылдың бірінші тоқсанынан бері зергерлік алтын бұйымдарға деген ең көп сұранысымен көзге түсті. Ал Оңтүстік Кореяда екі жыл көлемінде алтын сатып алуға қатысты тоқсандық ең жоғары көрсеткіш тіркелді.
Сонымен қатар Сингапур әлемдік алтын жеткізу орталықтарының 25%-ына, яғни Қытай, Аустралия, Индонезия, Филиппин, Папуа-Жаңа Гвинея және Лаос сияқты елдерге жақын орналасқан.
Алтынның қазіргі бағасы қандай?
Сейсенбіде алтын арзандайды, өйткені инвесторлар АҚШ-тағы инфляция туралы жаңа деректерді және АҚШ Федрезервінің пайыздық мөлшерлеме жөніндегі мәліметтерін күтіп отыр деп жазады Reuters. АҚШ-та алтынның споттық бағасы мен фьючерсі 0,3%-ға төмендеді.
Reuters City Index-тің аға талдаушысы Мэтт Симпсонның: «Меніңше, жұмыспен қамту туралы есептің мықты көрсеткіштерінен кейін ФРЖ-ның қолы байланып отыр. Бәлкім осы жайт реттеушінің қыркүйекте мөлшерлемені төмендету жайлы белгі беруіне бөгет болуда. Сондықтан кірістілік пен доллардың өсуіне қарсы алтынның позициясы әлсіреуі мүмкін», – деген пікірін тілге тиек етеді.
АҚШ-тағы жұмыспен қамтуға қатысты деректер және Қытайдың Орталық Банкі алтын сатып алудан бас тартқаны туралы хабар өткен жұмада алтын құймаларының бағасын 3,5%-ға дейін төмендетті. Бұл 2020 жылдың қарашасынан бергі ең үлкен күндізгі құлдырау болды. Баға мамыр айындағы жоғары межеден төмен түскен кезде, Қытай қайтадан құйма сатып ала бастауы мүмкін. Нарық осылай деп топшылайды.