Су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысына Қытайдан гуманитарлық көмек келді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Атырау облысына Қытайдан гуманитарлық көмек келді. Фото: shutterstock.com

10 маусым күні Атырауға Қытайдың шығыс жағалауындағы ірі Ляньюньган портынан гуманитарлық көмек жетті. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдай жөніндегі штаб хабарлады.

Гуманитарлық көмекпен күрке, төсек орын, қолғап, резеңке етік, күрек және су сорғыш құралдар жеткізілді. Ляньюньган портының атынан жіберілген гуманитарлық көмек Атырау қаласының әлеуметтік даму қорына келген.

«Қытай мен Қазақстан – ұзақ достық тарихы бар өркениетті мемлекеттер. Ляньюньган мен Атырау арасы алшақ болғанымен, бұл байланысқа кедергі бола алмайды. Белгілі бір себептермен біздің гуманитарлық көмек сәл кешігіп келді. Бірақ бұл екі ел халқының бір-біріне деген қамқорлығын тоқтата алмайды. Бүгін мен Ляньюньган портының атынан гуманитарлық көмекті Атырау қаласының әлеуметтік даму қорына аударамын», – деді Орталық Азиядағы Ляньюньган порты өкілдігінің директоры Чжао Вэй.

Еске сала кетелік, бүгінде Ляньюньгандағы қытай-қазақ логистикалық базасы Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын арттырып жатыр.

Бұған дейін Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек берген болатын. Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізілді.

Сондай-ақ оқыңыз