Қытай азаматына тиесілі «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Шығыс Қазақстанда ондаған мұнай ұңғымасын салмақ
Шығыс Қазақстан облысында мұнай мен газ өндіретін «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Тарбағатай және Зайсан өңіріндегі Сарыбұлақ кен орнында мұнай ұңғымаларын салуды жоспарлап отыр. Аталмыш компанияның соңғы бенефициары -Қытай азаматы Сан Гуансинь.
Экологиялық порталда жариялаған жоба бойынша, Сарыбұлақ кен орнында 64 мұнай ұңғымасын салу қарастырылған. Бұл кен орнынан тәулігіне 464 тонна мұнай, 17168 текше метр газ өндіру жоспарланған. Мұнай бұрғылары 5 топқа топтастырылып, құрылысы қыркүйейек айында басталады. Құрылыс жұмыстарын алдағы 3 жылда аяқтау жоспарланған. Мұнай мен газ 2024-2031 жылдары өндірілмек.
Алынған мұнай-газ қоспасы алдымен қыздырылған екі фазалы мұнай-газ сепараторына түседі, онда мұнайдан газды айырады. Газдан тазартылған мұнай сыйымдылығы 50 текше метр резервуарға жіберіледі. Ол толтырылған соң, өнім мұнай жинау пунктіне автоцистерналармен тасымалданады.
Кен орнына ең жақын жерүсті су қоймасы – Кеңсай өзені өнеркәсіп алаңынан 3 шақырым жерде орналасқан. Ал Зайсан көлі 8 шақырым жерде жатыр. Компания қолданыстағы және жоспарланған ұңғымалардың су қорғау аймақтары мен жер үсті көздері аймақтарынан тыс, 500 метрден алыс орналасқан деп сендіреді. Бұл ретте Сарыбұлақ аймағының шегінде жазда құрғап қалатын өзен арналары бар.
«Тарбағатай Мұнай» 1997 жылғы 3 желтоқсандағы (оған 2024 жылғы 15 наурыздағы қосымша жасалған) келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие. Тау-кен учаскесінің ауданы – 97,72 шаршы км. Мұнай тереңдігі 1100 метрден шығады.
10 млрд салық пен айыппұл арқалаған
2023 жылдың қарашасында депутат Ермұрат Бәпи сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайловтан «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының 10 млрд теңге салық дауын шешуге және 100 млн тонна мұнай бар кен орнын игеруге көмектесуді сұраған болатын. Мәжілісмен 10 млрд теңге салық кесірінен «Тарбағатай-Мұнай» компаниясы банкрот болуы мүмкін екенін айтқан.
Алайда Үкіметтің бұрынғы басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутатының «Тарбағатай Мұнай» компаниясын қосымша салық пен айыппұл төлеуден босату туралы ұсынысын құптамады. Өйткені «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Қытайға әлемдік бағадан төмен бағамен газ сатқан. Атап көрсетерлігі, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мен қытайлық компанияның өзара байланысы болған.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңнамаға сәйкес, қандай да бір мәміленің бағасы нарықтағы бағадан ауытқитын болса, Мемлекеттік кірістер комитеті салық сомасын есептеу кезінде түзету енгізуге құқылы. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдары компанияға өсімпұл есептелгені туралы хабарлама жолдаған.
«Тарбағатай Мұнай» компаниясының түпкілікті бенефициары – Қытай Халық Республикасының азаматы Сан Гуансинь. Компанияның құрылтайшылары Carol B.V. және Rifkamp B.V. Нидерландыда тіркелген.
«Сарыбұлақ» кен орнындағы қор 24,5 млн тонна мұнайды құрайды. Шикі мұнайдың орташа сату бағасы барреліне 75 доллар болып белгіленді. Компания 2021-2022 жылдары дивиденд төлемеген және есептемеген. Аудиттелген қаржылық есебінде көрсетілгендей, «Тарбағатай Мұнай» газ бен мұнайдың 99%-ын өзімен байланысы бар қытайлық компанияға сатады.
Айта кетейік, 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысы газға мұқтаж болып отырғанына қарамастан, «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Қытайға үздіксіз газ экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Осы үшін компанияның қытайлық серіктесі Қазақстанда сұйытылған газ өндіретін зауыт салып беретін болды. Бұл міндет сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері арасындағы «Сарыбұлақ-Зимұнай» газ құбырын салу және пайдалану жөніндегі келісімде бекітілген.
Келісімнің 8-бабында: «Қытай ұйымы өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағында басқа газ көздеріне жақын жерде заманауи сұйытылған табиғи газ зауытын жобалауға және салуға міндеттенеді», – деп жазылған.
Содан бері 12 жыл уақыт өтті, сұйытылған газ өндіретін зауыттың құрылысы басталған да, аяқталған да жоқ. Себебі бұған Энергетика министрлігі де, QazaqGaz ұлттық газ компаниясы да, үкімет те мүдделі болмады.