Жаңалықтар

Алматы, Астана мен Шымкент: үш мегаполистің өңірлік өнімі республикалық ЖІӨ-нің 34%-ын құрап отыр

Үш мегаполистің ел экономикасындағы үлесі қандай? Фото: .kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

ҰСБ мәліметінше, Қазақстандағы үш мегаполистің жалпы өңірлік өнімі  (ЖӨӨ) республикалық жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 34,0% үлесін құрап отыр. Үш шаһардың  ЖӨӨ-сі  2023 жылы 90, 7 млрд долларға жеткен. Мысалы, бұл Өзбекстан экономикасына (90,9 млрд доллар) пара-пар көрсеткіш. 

                                                                

Алматы. 2023 жылдың өңірлер бөлінісіндегі толық статистикалық қортындыларына назар аударсақ, республикалық ЖІӨ-нің  20,5% немесе 1/5 үлесі Алматы қаласына тиесілі. Оңтүстік астана былтыр 2023 жылдың орташа бағамы бойынша  54,4 млрд доллар болатын қызмет көрсетіп тауар өндірген. Алматы қаласындағы ЖӨӨ жан басына шаққанда  24 787 долларға жетіп, Атырау облысынан (46 901 доллар) кейін екінші орында тұр. ХВҚ мәліметіне қарасақ, былтыр Алматы қаласының ЖӨӨ-сі көрші Қырғызстанның ЖІӨ-сімен салыстырғанда 4 есе жоғары қалыптасқан.

Астана. Бас қала 2023 жылы республикалық ЖІӨ-нің 10,7% үлесі немесе 28,2 млрд доллардың тауарын өндіріп қызмет көрсетті. ҰБ-тың 2023 жылғы орташа бағамын негізге ала отырып, Астана қаласының ЖӨӨ-нің жан басына шаққандағы мәні 20 265 долларды құрап, Атырау облысы мен Алматы қаласынан кейін үшінші өңір болып тұр.

Шымкент. Қазақстандағы ең жас мегаполистің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі небәрі 3,0%. ҰСБ мәліметінше, Шымкент қаласының ЖӨӨ көлемі 2023 жылдың 12 айында 8,1 млрд долларға жеткен. Әрине, бұл Алматы қаласымен салыстырғанда 6,7 есе төмен. Сонымен қатар Шымкент қаласы ЖӨӨ-нің жан басына шаққандағы көрсеткіші 6 716 доллар болып, нашар көрсеткішпен еліміздегі 20 өңірдің ішінде 17-орында тұр.

                                                                   

Алматы әр тұрғынға 740 мың теңге жұмсайды

Жергілікті жылдық бюджетті жергілікті халыққа бөлу арқылы жан басына шаққандағы бюджетті анықтай аламыз. Бұл құрал арқылы  өңірлерді өзара салыстыра отырып, бюджет шығысының шынайы көлемін білуге болады. Мысалы, Шымкент қаласының 2024 жылға бекітілген бюджетінің жан басына шаққандағы көлемі 507,3 мың теңгені құрап отыр. Бұл Алматы қаласымен (740,2 мың теңге) салыстырғанда 233 мың теңгеге аз. Елорда бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласымен шамалас: жан басына 734,5 мың теңге.

Шымкент тұрғындарының орташа жалақысы Астанамен салыстырғанда  70%-ға аз

2024 жылдың қаңтар-сәуір айында Шымкент қаласының орташа жалақы мөлшері 290 848 теңге деп тіркелген. Бұл тіпті республикалық орташа жалақыдан (382 279 теңге) төмен. Алайда екі шаһармен салыстырғанда айырмашылық қос таңбалы мәнге жеткен. Астана қаласында осы кезеңдегі орташа жалақы 494 011 теңгені құрайды. Бұл Шымкент қаласымен салыстырғанда 69,9% жоғары. Ал Алматы қаласынан (454 172 теңге)  56,1%  пайыз алшақтық байқалады.

Дегенмен Қазақстанда үш мегаполистен өзге үш өңірдің орташа жалақысы жоғары. Олар: Атырау (604 052 теңге), Маңғыстау (571 403 теңге) және Ұлытау (501 624 теңге) облыстары.

Есесіне инфляция төмен

ҰСБ мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-сәуірінде Шымкент қаласында үш мегаполис арасында ең төмен – 7,0%-дық инфляция тіркелген. Мысалы, Астана қаласында 10,4% болса, Алматы қаласында 9,0%-ға дейін жеткен. Бірақ Шымкент қаласының  өзге шаһарлармен салыстырғанда орташа жалақыдағы қос таңбалы алшақтық – халықтың тұрмыс сапасына әсер етері анық.

                                                                    

2023 жылы үш мегаполиске өзге өңірлерден 100 мыңға жуық адам қоныс аударған. Соңғы 5 жылда үш мегаполиске 483 594 адам көшіп келген. Бұл көші-қон айырмасы, яғни көшіп кеткендер мен көшіп келгендердің айырмасы (сальдо). ҰСБ ақпаратына қарасақ, 2023 жылы 20 өңірдің тек 5 өңірі көші-қонның оң динамикасын көрсетті. Олар  –Маңғыстау, Ақтөбе облыстары және үш мегаполис. Бірақ үш шаһардың үлесі бұл мәнде 97% үлесті алып жатыр.

Алматы: 2018-2023 жылдар аралығында Алматы қаласының көші-қон айырымы 218 169 адамға жеткен. Алматы қаласының халқы соңғы 5 жылда өзге өңірлерден жылдық орташа көшіп келуі  – 36 362 адам.  

Астана: елордада он жылдағы көші-қон айырымы – 197 312  адам. Астана қаласында соңғы 5 жылда көші-қон айырымы 44,2%-ға дейін ұлғайды. Былтырғы жылдың қортындысы бойынша бас қаланың халық саны көшіп келу есебінен 51 539 адамға көбейді.

Шымкент: Шымкентте соңғы бес жылдың айырымы 68 113 адамға жеткен. Шымкент соңғы 2 жылда көші-қон айырымын нашарлатып алды. Мысалы, 2020 жылы- 10 030, 2021 жылы – 2 989, 2022 жылы – 3926 адамға дейін төмендеп кеткен.

Көші-қон айырмасына қарасақ, ішкі миграцияда өзге өңірлердің үш ірі шаһарға көшу үдерісі жалғасып жатыр. Сондай-ақ бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл ішкі миграция ағынын қабылдайтын үш мегаполис үшін әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша жүк және қала бюджетіне ауыр салмақ салары анық.

«Қалалардың байлығы: агломерациялық экономикалар және кеңістіктік тепе-теңдік»- зерттеуін жүргізген Edward L. Glaeser және  Joshua D. Gottlieb, керісінше, халықтың үлкен қалаларға шоғырланғаны экономикаға тиімді екенін алға тартады. Олар:

«Ірі қалалардағы демографиялық өсуді арттыру саясаты үлкен халықты ел ішіндегі бір немесе бірнеше жерде шоғырландырудың экономикалық табысымен түсіндіріледі. Шағын аудандарда кеңістікте шоғырланған үлкен халық ауқымды үнемдеу, көлік шығындарын төмендету, өнеркәсіптік мамандандыру, үлкен нарықтарға тікелей қол жеткізу және т.б. арқылы экономикалық өсуге бірқатар артықшылықтар береді. Қалалар жақсырақ экономикалық өсу мен әл-ауқат өндірісін қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі – халықтың жоғары тығыздығы, сондай-ақ бұл идеялар ағынына үлкен үлес қосады»,  – деп есептейді.

                                                     

Астана

ҰСБ ақпаратына назар аударсақ, қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 110,9 %-ды құрады.

Өндіріс: 2024 жылғы қаңтар-сәуірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 628195,3 млн теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 13,1% көп. Өңдеу өнеркәсібі жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2024 жылдың алғашқы 4 айында 15,6% өсті. 

Тұрғын үй: Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 127493,8 млн теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 126,9%-ды құрады. Астана еліміздегі тұрғын үй салу және пайдалануға беруде алдыңғы қатарда. Мысалы, 2024 жылғы қаңтар-сәуірде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 34,1% өсіп, 1285,8 мың шаршы метрді құрады. Олардан көппәтерлі тұрғын үйлер – 34,9% (1264,3 мың шаршы метр). Бұл ретте пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы – 0,1% (21,5 мың шаршы метр) азайды.

Инвестиция: 2024 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 368 958,2 млн теңгені немесе 2023 жылдың қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 120,3%-ды құрады.

Шағын және орта бизнес: Тіркелген заңды тұлғалар саны 2024 жылғы 1 мамыр жағдай бойынша 101861 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 5% көбейді. Оның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері барлар 101037 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 78912 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 78091 бірлік құрады. Қалада тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 92872 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,4% артты.

Алматы

2024 жылғы қаңтар-сәуірдегі қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 102,1% болды. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-нің 60%-ынан астамын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

ҰСБ-мәліметінше, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсандағы жалпы өңірлік өнім көлемі қолданыстағы бағамен 24 828 705,8 млн теңгені құрады. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда нақты ЖӨӨ 10,1% өсті. ЖӨӨ құрылымында тауарларды өндіру үлесі 6,9%, қызметтер көрсету – 86,1%-ды құрады.

Өндіріс: Алматыда өңдеу өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуда. Бүгінде оңтүстік астана индустриялды аймаққа айналып келе жатыр. ҰСБ мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы 4 айында өндіріс көлемі 1,6% өсті.

Тұрғын үй: Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 118 793,3 млн теңге немесе 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 105,7%.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 11,3% төмендеп, 740,5 мың шаршы метрді құрады. Олардан көппәтерлі тұрғын үйлер – 2,8% өсті (602,9 мың шаршы метр), жеке тұрғын үйлер – 44,7% төмендеді (137,6 мың шаршы метр).

Инвестиция: 2024 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 389 898 млн теңгені немесе 2023 жылдың қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 104,8% құрады.  Осылайша, Алматы инвестицияның оң динамикасын сақтап келе жатыр.

Шағын және орта бизнес: Тіркелген заңды тұлғалар саны 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 150220 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 4,2% көбейді. Ооның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері барлар 148 520 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 117 472 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 115 876 бірлік құрады. Қалада тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 140 421 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,4% көбейді.

Шымкент

2024 жылғы қаңтар-cәуірде 2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107%-ды құрады. 2024 жылдың басынан өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 331 067,5 млн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 4,3% кем.

Өндіріс: Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 55,3%,өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 5,8% азайды.

Тұрғын үй: Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 39 783,4  млн теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 138,7% құрады. Жыл басынан жалпы алаңы, 243,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Инвестиция: 2024 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 145771,4 млн. теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 103,5% құрады.

Шағын және Орта бизнес: Тіркелген заңды тұлғалар саны 2024 жылғы 1 мамырға жағдай бойынша 28 581 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 3,8% көбейді, оның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері барлар 28 142 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 23 124 бірлікті, оның ішінде шағын кәсіпорындар 22 692 бірлік құрады. Қалада тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар (заңды тұлғалар) саны 26 261 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,1% артты.

Кеңістіктік демография кейбір экономикалық тенденцияларды талдау және түсіну үшін пайдалы, ал қалалық демография Қазақстан үшін экономикалық болжамдар жасауда пайдалы құрал бола алады. Статистика көрсеткендей, урбанизацияның қазіргі тенденциясы негізінен бір миллионнан астам халқы бар үш ірі қалада халық санының өсуіне байланысты болады. Қазақстанның мегаполистері оның демографиялық өсуінің негізгі драйвері және олардағы қызметтердің жоғары шоғырлануын ескере отырып, Қазақстанның  болашақтағы экономикалық өсімі негізінен қызмет көрсету секторының өсуіне негізделеді деп күтуге болады.

Сондай-ақ өзге өңірлерден еліміздегі үш мегаполиске шоғырлану үрдісі жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде үлкен қалалардадың инфрақұрлымына қосымша шығын алып келеді. Дегенмен де жоғарыдай айтқанымыздай урбанизацияның жағымды жақтарын да естен шығармаған жөн.