Ескі автокөліктердің артуы, Қытай факторы және утильалымның өндіріске әсері: Kursiv/Auto алғашқы форумында не талқыланды
Қазақстан көлік нарығында қандай трендтер пайда болды, қазақстандық автомобиль бренді қашан өндіріліуі мүмкін және салаға не жетіспейді, не әсер етеді? Тап осы мәселелер Алматыда автомобиль нарығының өкілдері, сарапшылар, қауымдастықтар мен реттеуші орган өкілдерінің қатысуымен өткен алғашқы тәуелсіз Kursiv/Auto 2024 форумында талқыланды.
Автокөлік саудасының өсуіне не әсер етті?
2023 жылы Қазақстанда автомобильдерді ресми сату нарығы 61% өскен. Бұл көрсеткіш 2007 жылдан бері алғаш рет көтерілген. Бейресми ақпарат бойынша жаңа көліктерді әкелу екі есе өсті. Қазақстан автокөлік одағының басшысы Анар Мақашеваның айтуынша, көлік сатып алу деңгейі автонесиелеу және бөліп төлеу сынды қаржылық мүмкіндіктер есебінен өсті. Orbis тобының CEO басшысы Динара Ысқақова өсімге 2020 жылғы пандемия әсер етті деп есептейді. Кейінірек әлемдегі саяси жағдай мен логистикалық қиындықтар авто нарыққа оң әсер еткен.
«Сатылым өсті. 2002 жылдан 2007 жылға дейінгі нарықтағы орташа өсім шамамен 40% болды. Адамдар жаңа көлік сатып алғысы келеді. Бұған дейін әртүрлі елдерден жылына 400 мыңға жуық ескі көліктер келген. 2023 жылы жаңа автомобильдер нарығы 60% өсті», – деді Мақашева.
Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Әбуевтің айтуынша, 2012 жылдан бастап жеңіл автомобильдер саны 6,3% (жылына орта есеппен 0,7%) өсті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 20%-ды құрады.
Astana Motors СЕО басшысы Бекнұр Несіпбаев өткен жылы сатылымға геосаяси жағдай, нақтырақ айтқанда, Ресейдің әскери кикілжіңге кіруінен, осы елге қазақстандық экспорттың артқанын атап өтті. Қазақстандық жаңа автоның 20-25%-ы Ресейге сатылған. Оның сөзінше, биыл Ресейде утильалымның ұлғаюына, Қазақстанда борыштық жүктеменің қатаңдауына, сондай-ақ әлемдік нарықтарда авто тапшылығына байланысты құлдырау байқалады.
«Баға ұшып кетті. 2023 жылы сұраныс барлық жерде жоғары болды: әдеттегі сегменттен сәнді көліктерге дейін сатылды. Қазіргі уақытта сұраныс тұрақтанды. Біз сату көлемінің төмендеуін бірінші кезекте борыштық жүктеменің енгізілуіне және Ресейде утильалымның қымбаттауына байланысты деп есептейміз», — деді Несіпбаев.
Kolesa Group СЕО басшысы Дмитрий Ботанов 2024 жылы нарықтағы сатылымның 10-30% төмендейтінін айтады. 2023 жылы байқалған баға өсімінің алыпсатарларға болмаса, қарапайым халыққа ауыр тигенін айтады. Ал қазіргі автокөлік нарығының тұрақтауын бәсекелестік пен өндіріс сапасының артуымен байланыстырады.
Автонарыққа қатысты мамандар болжамы
Kia компаниясының Ресей мен ТМД-дағы компаниясының экс-президенті Ким Чжин Ха нарықтың өсімі автомобильдердің қарқыны артып келе жатқанын және бұл автомобиль секторы үшін қолайлы екенін атап өтті.
«Әр нәрсенің құлдырау мен дамуы болады. Сондықтан кейде даму үшін құлдырауды күту қажет. Қазір сондай кезең болып жатыр. Нарық сыртқы факторлармен дамығандықтан, дилерлер үшін кейбір қиындықтар пайда болады», – деді Ким Чжин Ха.
Ол 2026 жылы Қазақстанда 400 мыңға жуық автокөлік шығарылады деп болжады. 2023 жылы сатылым 198 мың болған, 2024 жылы 160 мыңға жуық болады деп күтілуде.
«Өндіріс пен сату арасындағы алшақтықты қалай өтейміз? Менің ойымша, бұл болашақ үшін үлкен мәселе. Осы мақсатта стратегияны Үкіметпен, автомобиль нарығы өкілдерімен және тұтынушылармен бірге қарастыру керек», – деді ол.
Orbis тобының СЕО басшысы Динара Ысқақова артық авто шығарғаннан гөрі тапшылық болғаны жөн деп есептейді. Оның пайымдауынша, қоймада автомобильдер екі айдан артық тұрмауы қажет.
«Өндіріс өседі, авто паркке жаңа көліктер келеді. Үкіметпен ескі көліктердің шығу мерзімін қалай тездету керек екенін талқылаймыз. Егер мұның бәрі іске асса, сатылым кем дегенде 10% өседі», – деді Ысқақова.
Astana Motors СЕО басшысы Бекнұр Несіпбаев қазақстандық автомобиль нарығында жаңа компаниялардың пайда болуына байланысты «бәсекелестік» уақыты келгенін айтады. Қазірдің өзінде бәсекелестік әсерінен түрлі бағдарламалар, дилерлерден түрлі жеңілдіктер пайда болып, тұтынушыларға жақсы жағдай қалыптасып келеді.
Нарықты ескі көліктер басып алды
Анар Мақашева қазақстандық авто нарықтың басты проблемасы — 2018 жылдан бастап ескі машиналардың басым болуы екенін айтты. Бұған дейін авто паркте негізінен алты жыл ішінде 100-150 мың көлік жаңарған.
«Қазір авто паркте ескі көліктер көп. Елге ескі көліктер импортталады. Яғни басқа нарықтар өз елдеріндегі ескі көліктерді бізге сатып, өз парктерін жаңартады. Қазақстанның ескі машиналардың қоқысына айналғанын қаламаймын», – деп қосты.
Аңсар Әбуевтің айтуынша, 10 жылдан асқан автомобильдердің нарықтағы үлесі шамамен 70%. 2023 жылы автомобильдер санының 3 жылдан 7 жылға дейін өсуі байқалды. Бұл ретте үш жылға дейінгі жаңа автомобильдер саны шамамен 60%-ды құрайды. Оның айтуынша, Қазақстан тұрғындарының 48%-ы жаңа көлік сатып алғысы келеді, ал 50%-ы мұны алдағы екі жылға жоспарлап отыр.
Сонымен қатар trade-in үлесі (ескі көліктерді жаңасына айырбастау) 60% өскен. Kolesa Group СЕО басшысы Дмитрий Ботанов жыл соңына дейін сатушылар мен сатып алушылар арасындағы байланыс 3-5% өсетінін айтады.
Ботанов қазақстандықтардың шамамен 70%-ы сервистен құны 5 млн теңгеге дейінгі автомобильдерді іздейтінін мәлімдеді. Көлік іздейтіндердің тең жартысы 10 млн теңгеге дейінгі көлікті қараса, жаңа көлікті тек 30-35%-ы іздейді. Тағы бір айта кететін жайт – олардың тек 6-7%-ы осы көліктердің сатушыларына қоңырау шалады. Astana Motors СЕО басшысы Бекнұр Несіпбаев бұл статистикаға түсініктеме берді.
«Ресми автодилерлердің проблемасы – клиенттердің бағасы 5 миллионнан аспайтын автокөлік сатып алғысы келуі. Алайда бағасы арзан болып қана қоймай, ыңғайлы болуы керек, жоқ дегенде Toyota Camry болса. Бүкіл дилерлік желіде 5,5-6 млн теңгеден, 7 млн теңгеден басталатын модельдер болса да, клиенттер оларды сатып алғысы келмейді. Біздің міндетіміз – ресми дилер ретінде бұл көліктердің ескі Camry-ден кем түспейтінін дәлелдеу», – деді Несіпбаев.
Ескі көліктерді азайту және утильалым
Қазақстан автокөлік одағының басшысы Анар Мақашеваның айтуынша, елімізде ескі автокөліктерді азайтудың бірнеше жолы бар.
«Отандық авто өндірушілерді қолдау және ескі көліктер санын азайту үшін Түркиядағыдай шекараны жауып алуға болады. Өзбекстандағыдай салық пен тарифтерді өсіруге болады немесе 10 жылдан ескі көлікті енгізбей қоюға болады. Алайда біздің елде ескі көліктердің жүруіне рұқсат бермеу халыққа зиян келтіреді. Одан да халықтан ескі көлікті сатып алса, жақсы өзгеріс болар еді», – деді Мақашева.
Ол утильалым мөлшерін көбейту де, отандық авто өндіріске пайда әкелмейтінін айтады. Утильалым тек ескі көліктер санын азайтуға алып келетін құрал болуы керек екенін атап өтті.
Автокөлік нарығын талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарянның айтуынша, ескі көліктер санының артуына Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген көліктердің утильалымсыз заңдастыруға рұқсат беру өз әсерін тигізген.
«ЕАЭО елдерінен келген көліктерді заңдастыру оларды көлеңкелі бизнестен шығаруға көмектесті. Алайда 303 мың ескі автокөлікті утильалымсыз тіркеу арқылы осыған дейін жасарған еліміздің автотұрағын тағы да ескі көліктерге толтырдық», – дейді Мискарян.
Оның айтуынша, ЕАЭО елдерінен енген көліктерді заңдастырмай тұрып, зауыттан шыққанына 3 жыл болған көлік саны артқан. Маман мұны импортқа жағдай жасалғанын көрсететін фактордың бірі деп есептейді.
«Қазақстанда импортқа жағдай жасалған. Себебі елдегі көліктің үштен бірі шетелден келеді. Дегенмен жергілікті өндіріске қолдау көрсетуді ұмытпау керек», – дейді маман.
Электромобильге сұраныс сақтала ма?
Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Әбуев 2023 жылы Астанада электромобильдер санының өсуі 1500%, ал Алматыда 1000% құрағанын айтты.
«2024 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында электромобильдер саны 1,6% өсті. 2023 жылдың осы кезеңін, яғни қаңтардан сәуірге дейін алсақ, онда өсім 4,6% құрады. Яғни өсу қарқыны 3 есе төмендеді», – деп атап өтті ол.
Astana Motors өкілінің сөзінше, 2023 жылы сұранысқа ие болған электромобильдердің таяу арада саудасы қысқарады. Олардың орнына гибридті көліктер келеді. Astana Motors өкілі Өзбекстанда сататын машиналардың шамамен 85%-ы гибридтер, тек 15% таза электрлі көліктер екенін атап өтті.
MYCHARGE басшысы Илья Аспедниковтің айтуынша, алдағы бір-екі жылда электр көліктерін зарядтау станцияларында төлем үшін бірыңғай QR коды және жақын маңдағы станцияны табу үшін QR енгізіледі.
Қытай автокөліктері нарыққа қалай әсер етті?
JAC Motors Qazaqstan Маркетинг және клиенттерге қызмет көрсету департаментінің директоры Нариман Бектұровтың айтуынша, Қытай автокөліктерінің артуына бірінші кезекте қаржылық жағдай әсер еткен.
«Қытайлық автокөліктердің артуы бірінші кезекте қаржылық жағдайға байланысты. Бюджетті брендтер Қазақстан нарығынан кетіп қалғаннан кейін бағасы арзан Қытай көліктеріне сұраныс арта түсті», – деді Бектұров.
Екінші себеп, Қытайлардың жақсы көлік жасап үйренгенінде. Яғни Қытай көліктерінің ыңғайлы әрі барлық мүмкіндікті арзан бағаға беруі қазақстандықтар үшін басты құндылық болып отыр.
Koleso Group компаниясының CEO басшысы Дмитрий Ботанов айтуынша, Қытайдан келген көліктерді қазақстандықтар көбіне өздері міну үшін алады. Оны алып-сату деңгейі өте аз. Ботанов Қытай көліктеріне деген сұраныс 3 есе артқанын айтады.
«Бір жыл ішінде Қытай көліктеріне деген біздің қосымшадағы сұраныс 3 есе артты. Қазір Koleso-дағы сатылымға шыққан жүрілген көліктің 3%-ы Қытай автокөліктері. Ал диллерлер сатылымға шығарған жаңа көліктердің 30%-ы қытайлық», – дейді Ботанов.
Автокөлік нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарянның айтуынша, Қытай көліктері Қазақстанда ғана емес, әлемде де үлкен сұранысқа ие бола бастаған.
«Қытай авто өндірісінің соңғы 30 жылда қарқынды дамуы арқасында қытайлық брендтерге деген ұсыныс тек Қазақстанда емес, әлемде де арта түсті. Мұның басты себебі ретінде Қытай үкіметінің өндірісті қолдауын айтуға болады. Үкімет тек елдің өзінде ғана емес, әлемде де қытайлық өндірісті орындарын ашуға ат салысып келеді», – дейді Мискарян.
Қазақстандық көлік бренді және авто өнеркәсіптегі қиындықтар
Allur корпоративтік университетінің басшысы Людмила Олкинян қазақстандық авто өндірушілердің отандық автомобиль брендін жасауға толыққанды мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Людмила Олкинянның айтуынша, қазірдің өзінде қазақстандық екі компания тек авто құрастырушылар ғана емес, автокөліктің кейбір бөліктерін жасауды бастаған.
«Қазір қазақстандық Allur мен Astana Motors компаниялар көлік құрастырып қана қоймай, кейбір бөлшектерді де өндірудің бастады. Егер әлемдік тәжірибеге қарасаңыз, корей, қытай авто өндірісі де осы жұмыстан бастап, өз брендтерін жасауға дейін көшкен. Сондықтан біз өзіміздің автомобильді брендімізді құруымыз керек. Оған толыққанды мүмкіндігіміз бар», – дейді Людмила Олкинян.
Оның сөзінше, Қазақстан авто өндірісіндегі негізгі мәселелердің бірі кадрлардың жетіспеушілігі.
«Қазақтар авто өз автокөлігін өндіруге дайын. Қазір біздің зауыттарда университет аяқтап келіп, инженер ретінде жұмыс жасап, автокөлік құрастырып жүргендердің барлығы өз отандастарымыз. Сондықтан біз көлік құрастыра аламыз. Ол біздің қолдан келеді. Тек осы салада жұмыс істейтін мамандар санын арттыру керек. Өз басымбұған сенемін», – дейді ол.
Қазақстандық автомобиль одағының президенті Анар Мақашеваның сөзінше, саладағы ең маңызды мәселелердің бірі жақсы мамандардың жетіспеуі. Ол колледждер мен университеттердегі оқыту жүйесін тікелей автомобиль өндірісімен байланыстыру керек екенін айтты.
Astana Motors СЕО басшысы Бекнұр Несіпбаев қазақстандық автоөнеркәсіп даму үшін автомобиль бөлшектерін елде шығару керек екендігін атап өтті.
«Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын күшейту қажет. Оның бірі осы автоөнеркәсіп саласын дамыту», – деді спикер.
Елімізде көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы қағидалар бекітілді. Осы қағидалар аясында жеңіл автокөліктерді өндірушілерге арнайы талаптар белгіленді.
«Яғни жеңіл автокөліктерді өндірушілерге екі немесе одан да көп марка көлік құралын шығарған кезде көліктің әрбір маркасы үшін кемінде бір үлгідегі дәнекерлеу және бояу бойынша техникалық операцияларды жүргізу талап етіледі. Біз осы талапты сақтап отырмыз. Бұл шағын торапты жинақ әдісінің (CKD) негізгі бөлігі. Сондықтан талаптардың сақталуын қадағалап, Қазақстандық автоөндірушілерге талапты күшейту керек», – деді Несіпбаев.
Бұл ретте «СемАЗ» ЖШС Бас директорының орынбасары Қадыролла Жұмағұлов автоөндірушілер мен қоғам арасында қайшылық барын айтады.
«Бізге диалог керек, біз сол деңгейге жеттік, локализация керек. Бір жағынан бәріміз экономикалық жағдайға, ғылыми технологияға тәуелдіміз. Бұны мойындау керек. Авто құрастыру қоғам назарында болса, қоғам ретінде соған көмектесу керек. Біз локализацияға қызығамыз. Бізде өндіріс төмен. «Qarmet» көлік бөлшектерін құрастыру үшін металл өндіру туралы жаңадан ойланып жатыр. Осы кезге дейін қайда болды?», – деді Қадыролла Жұмағұлов.
Автонесие
Бірінші кредиттік бюро бас директоры Руслан Омаров Қазақстанда автонесиеге сұраныс артқанын айтады. Оған халықтың әл-ауқатының төмендігі себеп. Оның айтуынша, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша автонесие портфелінің көлемі 2,8-2,9 трлн теңгені құрады. Автонесие бойынша келісімшарттардың жалпы саны 480 мыңнан асты. Ал борышкерлер саны 450 мың шамасында. Сәйкесінше кейбір адамның 2-3 несиесі бар.
«Неге бізде автонесиелеу артып келеді? Себебі халықта ақша жоқ. Халық автонесие алып, тасымалдау қызметін көрсетіп, қосымша табыс таба алады. Мемлекетке қарағанда, автонесиелеу ұсынатын және такси агреаторлары халыққа табыс табуға көбірек мүмкіндік жасап отыр. Халық осы автонесиенің арқасында отбасын бағып, сол арқылы қарыздарын төлеп отыр. Халық автоны жеке қолданыс үшін емес, табыс табудың жолы деп қабылдайды», – деді Бірінші кредиттік бюро бас директоры.
Kursiv/Auto 2024 автомобиль өнеркәсібінің жетекші мамандарын біріктірген бірегей алаңға айналды.