Банк пен қаржы

Мұнай бағасының төмендеуі теңге бағамы мен ел экономикасына қысым жасауы мүмкін – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы

Теңге
Теңге бағамы құлдырауы мүмкін бе? / Фото: shutterstock

Мұнай бағасының төмендеуі теңге мен ел экономикасына қысым жасауы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының кезекті шолуында жазылған.

«Америка Құрама Штаттары мен Қытайдан мұнайға сұраныс азаяды. Ал Таяу Шығыстағы қақтығыс энергия тасымалына айтарлықтай әсер етпейді. Сондай-ақ ОПЕК+ елдерінде өндіріс көлемінің жылдам өсуі болжамдардың нашарлауына әкелді», – деп жазылған шолуда.

Сондықтан қаржы нарығы сарапшыларының мұнай бағасына қатысты болжамы өзгерді. 12 айдағы орташа баға бір ай бұрын 85,2 доллар болған. Енді сарапшылар барреліне 83,5 доллар деңгейінде төмендейді деп есептейді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл маусымдағы шетел валютасын таза сату көлемінің азаюы (мамырдағы 300 млн долларға қарсы 100 млн доллар) және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені (14,75%-дан 14,5%-ға дейін) төмендетуімен бірге ұлттық валюта бағамына теріс әсер етуі мүмкін.

«Шілде айының басына қарай сауалнамаға қатысушы сарапшылар USDKZT жұбының айырбас бағамы 450,4 (қазіргі мәнге +0,7%) болады деп есептейді. Ал бір жылдан кейін теңге 475,4 теңгеге (+6,3%) дейін әлсіреуі мүмкін», – деп жазды ҚҚҚ.

Бұл ретте рубль бағамының динамикасында қарама-қарсы тенденция байқалады. Импорттық келісімшарттар бойынша есеп айырысудағы қиындықтар және Ресей Банкінің шілдеде базалық мөлшерлемені көтеруі сарапшылардың болжамдарының жақсаруына ықпал етті. Нәтижесінде, алдағы 12 айда USDRUB жұбының айырбас бағамы бір ай бұрынғы 99,1 рубльге қарсы 95,6 рубль деңгейінде болжанып отыр.

Еске сала кетсек, Halyk Finance сарапшылары 2030 жылға қарай мұнайға сұраныс айтарлықтай азаяды, деп болжады. Сондықтан Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын күшейтуі қажет.